БҰҰ Ғарыш кеңістігі мәселелері жөніндегі басқармасы (БҰҰ ҒКМБ) БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану комитетінің (КОПУОС) шешімдерін орындайды. БҰҰ ҒКМБ Ғарыш техникасын қолдану жөніндегі бағдарламаны іске асырады және ғарыш кеңістігіне ұшырылатын объектілердің тізілімін жүргізеді. Сонымен қатар, Басқарма дамушы елдерге экономикалық даму үшін ғарыштық технологияларды қолдануға қолдау көрсетеді.
1994 жылғы желтоқсанда комитеттің мүшелік құрамын кеңейтуге қаулы еткен Бас Ассамблеяның 49/33 қарарының қорытындысы бойынша Қазақстан КОПУОС мүшесі болып қабылданды.
1997 жылдың мамырында Қазақстан БҰҰ-ның ғарыш қызметі саласындағы бес негізгі халықаралық шартына қосылды: Ай мен басқа да аспан денелерін қоса алғанда, ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану жөніндегі мемлекеттер қызметінің қағидаттары туралы шарт (1966), Ғарышкерлерді құтқару, ғарышкерлерді қайтару және ғарыш кеңістігіне ұшырылған объектілерді қайтару туралы келісім (1967), Ғарыш объектісі келтірген зиян үшін халықаралық жауапкершілік туралы конвенция (1971), Ғарыш кеңістігіне ұшырылатын объектілерді тіркеу туралы конвенция (1974) және Айдағы және басқа аспан денелеріндегі мемлекеттердің қызметі туралы келісім (1979).
Қазақстан ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық және өңіраралық диалогты нығайтудағы КОПУОС-тың орталық рөлін мойындайды және Комитетті зерттеулерді ынталандыру, мемлекеттер арасында ақпарат алмасу және халықаралық ғарыш құқығы шеңберінде сенімді нығайту жөніндегі шараларды айқындау жөніндегі басты форум ретінде қарастырады.
Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың 2011 жылғы маусымда КОПУОС-тың 54-ші сессиясына қатысуы Қазақстанның имиджін нығайтуға және ҚР-ның БҰҰ ҒКМБ және КОПУОС-пен өзара іс-қимылын жақсартуға ықпал етті. Бұл халықаралық форум адамның ғарышқа алғашқы ұшуының 50 жылдығын және КОПУОС бірінші сессиясының 50 жылдығын кеңінен атап өтті. Қазақстандық ғарышкер жоғары деңгейдегі пленарлық отырыста сөз сөйлеп, барлық мерейтойлық іс-шараларға қатысып, ресейлік ғарышкер А.Леоновпен, румындық ғарышкер Д.Прунариумен, қытайлық ғарышкер Я.Ливэймен, американдық астронавт Л.Мэлвинмен және жапондық астронавт Ч.Мукаймен кездесті.
2019 жылдың маусым айында Венада КОПУОС 62-ші сессиясының аясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш кеңістігі министрлігі (ҚР ЦДИАӨМ) мен БҰҰ ҒКМБ арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат табиғи апаттармен күресу үшін ғарыштық ақпаратты пайдалану саласындағы ынтымақтастықты көздейді. Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін ғарыш секторында инновацияларды енгізуге жәрдемдесу, ғалымдардың, студенттердің және басқа да мамандардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ олардың бірлескен ғылыми-зерттеу іс-шаралары мен жобаларына қатысуына ықпал ету шешілді.
2021 жылдың мамыр айында БҰҰ мен Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы ("ҰҒЗТО" АҚ) арасында Алматы қаласында Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою және шұғыл ден қою үшін ғарыштық ақпаратты пайдалану үшін БҰҰ платформасының (UN-SPIDER) өңірлік қолдаудың кеңсесін ашу бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
2022 жылы "ҰҒЗТО" АҚ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2022-2024 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы шеңберінде " ҚР және РФ аумағының трансшекаралық өңірлерінде төтенше жағдайлар туралы ақпаратты кешенді ситуациялық ұсыну сервистері мен көп мақсатты аэроғарыштық мониторинг жүйесін дамыту" тақырыбындағы жобаны іске асыру үшін грант жеңіп алды. Бағдарламаның іске асырылуы 2023 жыл басталмақ.