ОПЕК ресми вебсайты - https://www.opec.org/
Мұнай экспорттаушы елдер ұйымымен (ОПЕК) ынтымақтастық әлемдік мұнай нарығында ОПЕК-ке берілетін маңызды рөлді ескере отырып, Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудырады. Қазақстан әлемдік мұнай нарығын тұрақтандыру және инвесторлардың мұнай индустриясына сенімін қалпына келтіру мақсатында ОПЕК елдерімен және ОПЕК-ке кірмейтін мемлекеттермен (ОПЕК+ деп аталады) ынтымақтасады.
Әлемдік мұнай нарығының тұрақтылығын сақтау экономикасында мұнай саласы елеулі рөл атқаратын Қазақстан Республикасының мүдделеріне сай келеді. 2022 жылы Қазақстан 84,2 млн тонна шикі мұнай өндірді, бұл елді әлемдегі 12-ші ірі өндіруші етті.
Бүгінгі таңда әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі жағдайды ОПЕК-ке мүше мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасаудың және талқылаудың жалғыз толыққанды тетігі – ОПЕК елдері мен ұйымға кірмейтін елдердің техникалық кездесулері. ОПЕК+ қатысу шеңберінде Қазақстан Әзірбайжан, Бахрейн, Бруней, Малайзия, Мексика, Оман, Ресей, Оңтүстік Судан және Суданмен қатар мұнай өндіру бойынша ерікті шектеулер қабылдайды.
2016 жылғы 10 желтоқсанда ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев ОПЕК-ке мүше мемлекеттер мен аталған ұйымға кірмейтін елдердің алғашқы Министрлік кездесуіне қатысты. Министрлік кездесудің қорытындысы бойынша ОПЕК-ке кірмейтін елдер мұнай өндіру көлемін Тәулігіне 558 мың баррельге төмендетуі тиіс тарихи «Мұнай өндіру көлемін келісілген төмендету туралы келісімге» қол қойылды. Келісім 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді және 2017 жылдың маусым айының соңына дейін күшінде болды.
2019 жылғы 23-29 қыркүйекте ОПЕК Бас хатшысы Мұхаммед Сануси Баркиндо KAZENERGY 12-ші Еуразиялық форумына, Kazakhstan Energy Week, қатысу үшін Қазақстанға барды. Өз сөзінде ол Қазақстанға ОПЕК пен ОПЕК-ке кірмейтін елдердің ынтымақтастығы туралы декларацияға белсенді және тиімді қатысқаны үшін алғысын білдірді, сондай-ақ елдің әлемдік мұнай нарығындағы орнықты тұрақтылыққа қосатын үлесіне сенім білдірді. Сонымен қатар, ол Қазақстанның мұнай өнеркәсібіндегі 120 жылдық бай тәжірибесін атап өтіп, Қашаған кен орны мен Теңізшевройл жобасы сияқты ірі жобалардың жетістіктерін атап өтті.
2019 жылғы 5-6 желтоқсанда ҚР Энергетика вице-министрі М.Жүребеков бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы ОПЕК бірлескен министрлік мониторинг комитетінің 17-отырысына және ОПЕК-ке мүше елдер мен ОПЕК-ке кірмейтін мемлекеттердің жетінші министрлік кездесуіне қатысты. Іс-шара аясында ОПЕК-ке мүше елдер мен ОПЕК-ке кірмейтін мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық туралы хартияға қол қою рәсімі өтті. Бұл құжат ОПЕК+ ынтымақтастығы шеңберінде өзара іс-қимылдың институционалдық негізін құрайды. Бұл жекелеген қатысушы елдер өз еркімен орындайтын және олардың арасында ешқандай заңды міндеттеме жасамайтын жоғары деңгейдегі міндеттемені білдіреді. Жарғыға қатысу ерікті және барлық мұнай өндіруші елдер үшін ашық.
Қазіргі уақытта ОПЕК-ке мүше мемлекеттер мен аталған ұйымға кірмейтін елдердің Министрлік кездесулері жарты жылда бір рет өтеді.
ОПЕК ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ ҚОРЫ
Бүгінгі таңда Қазақстанның ОПЕК Халықаралық даму қорымен ынтымақтастығы талқылаудың бастапқы кезеңінде тұр.
Қордың негізін қалаушы мемлекеттерден басқа барлық дамушы елдер Қордың қызметтерін пайдалануға құқылы, алайда басымдық ең аз дамыған елдерге беріледі. Бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша 125-тен астам ел қордан қаржылық қолдау алды.
1990 жылдан бастап Қор Орталық Азия елдерінде де белсенді жұмыс істейді. Осылайша, 2013 жылы Қор Қазақстандағы Халықаралық Ислам сауда-қаржы корпорациясының (ITFC) қызметін қолдап, Қазақстанның ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорны "АӨК-Инвест" ЖШС-на Азия елдеріне бидай экспорты үшін бірлесіп қаржыландыруды ұсынды. Қор сондай-ақ осал халық арасында АИТВ/ЖИТС және туберкулез проблемаларын шешу саласындағы БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) өңірлік жобалары бойынша бірлесіп қаржыландырушы тарап ретінде әрекет етті.
2017 жылғы 2-6 қыркүйекте Қордың Бас директоры С.Әл-гербиш бастаған делегация "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу мақсатында Қазақстанға сапармен келді. Сапар аясында С.Әл-Хербиш "Бәйтерек "ҰБХ" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары А.Арифхановпен және ҚР Инвестициялар және даму Вице-министрі Е.Хаировпен кездесті. Кездесулер аясында С.Әл-Хербиш Қордың қызметі туралы айтып, бірлескен жобалар шеңберінде ынтымақтасуға дайын екенін білдірді.
2019 жылғы 29 қаңтарда қазақстандық делегацияның Венаға сапары аясында ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары А.Ешматовтың ОПЕК Халықаралық даму қорының мемлекеттік сектор саласындағы операциялар департаментінің директоры (Азия аймағы бойынша) А.Т.Кордеромен кездесуі ұйымдастырылды, оның барысында тараптар ҚР мен Қор арасындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесу аясында А.Т.Кордеро Қордың жұмысы туралы, оның ішінде дамушы елдерге базалық инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруды ұсыну, мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жақсарту, сондай-ақ өндірісті, бәсекеге қабілеттілікті және сауданы ілгерілету арқылы көмек көрсету туралы айтты.
2022 жылдың қазан айында Вашингтонда Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қорының Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы кездесуі аясында Қордың Бас директоры А.Альхалифа мен ҚР Ұлттық экономика министрі А.Қуантыров арасында ынтымақтастықты жолға қою мәселелерін талқылау үшін кездесу өтті.