Ұйымдастырушы – Париж қаласындағы ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі (SIRET: 934 067 133 00017), заңды мекенжайы: 75008, Париж қ., Пьер Шаррон көшесі, 59 – автокөлікті сату жөніндегі ашық аукцион өткізілетінін хабарлайды.
Аукцион бағаны көтеру әдісімен өткізіледі.
Аукцион 2026 жылғы 29 қазанда сағат 11:00-де мына мекенжайда өтеді: 75008, Париж қ., Пьер Шаррон көшесі, 59.
Сатылатын мүлік туралы мәліметтер
Жеңіл автокөлік
Маркасы мен моделі: BMW Serie 3
Түсі: қара
Шығарылған жылы: 2012
Жүрілген жолы: 136 297,00
Қозғалтқыш көлемі және отын түрі: 1997 см³, бензин
Жалпы жай-күйі: техникалық тұрғыдан жарамды, шанағын жөндеу қажет
Бастапқы бағасы: 5 300,00 еуро (бес мың үш жүз)
Бастапқы бағаның 15%-ы мөлшеріндегі кепілдік жарна: 795 еуро (жеті жүз тоқсан бес)
Бастапқы бағаның 5%-ы мөлшеріндегі аукцион қадамы: 265 еуро (екі жүз он жеті еуро елу цент)
Аукцион жеңімпазы кедендік алымды төлейді: 1 623 еуро (бір мың алты жүз жиырма үш)
Қатысу шарттары және өтінім беру тәртібі
1. Аукционға өтінімді белгіленген мерзімде берген және кепілдік жарнаны төлеген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
2. Өтінімдер қабылдау және қатысушыларды тіркеу мына мекенжайда жазбаша түрде жүргізіледі: 75008, Париж қ., Пьер Шаррон көшесі, 59.
3. Өтінімдер 2026 ж. 28 қазан сағат 17:30-ға дейін қабылданады.
4. Ең жоғары баға ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болып танылады.
5. Аукцион жеңімпазы төлеген кепілдік жарна автокөліктің сатып алу құнына есептеледі. Қалған қатысушылардың кепілдік жарналары 15 жұмыс күні ішінде қайтарылады.
6. Аукционға қатысу үшін ұйымдастырушыға мына құжаттарды тапсыру қажет:
a) Белгіленген нысан бойынша толтырылған өтінім;
b) Жеке тұлғалар үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
Заңды тұлғалар үшін – заңды тұлға өкілінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және заңды тұлғаның Француз Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжат;
c) Кепілдік жарнаның төленгенін растайтын төлем құжатының көшірмесі.
7. Қатысушылар кепілдік жарнаны төлеп, өтінім бермес бұрын осы хабарландырумен және сатып алу-сату шартының жобасымен мұқият танысуға, сондай-ақ автокөліктің техникалық жай-күйін қарап шығуға міндетті. Қатысушылар автокөлікті жақсартуды, өзгертуді немесе жөндеуді, сондай-ақ оны қайта тіркеуге немесе меншік құқығын қайта ресімдеуге байланысты салықтардан, алымдардан және өзге де шығыстардан босатуды талап ете алмайды.
8. Егер аукцион жеңімпазы белгіленген мерзімде шарт талаптарын орындамаса, ол автокөлікті сатып алу құқығынан бас тартқан болып есептеледі. Бұл ретте кепілдік жарнаны қоса алғанда, бұрын төленген барлық қаражат қайтарылмайды. Кепілдік жарнаны аударуға байланысты банк комиссиясы да аукцион қатысушыларына қайтарылмайды. Аукционға қатысушылардың сөз байласуына және сауда-саттық барысына заңсыз араласудың кез келген өзге түріне қатаң тыйым салынады.
Кепілдік жарнаны аударуға арналған банк деректемелері
Алушы: Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі
Мекенжайы: 75008, Париж қ., Пьер Шаррон көшесі, 59
SIRET: 934 067 133 00017
Есеп айырысу шоты: FR76 3000 4034 9300 0100 0168 688
Алушының банкі: BNP Paribas
Swift: BNPAFRPPXXX
Төлем мақсаты: аукционға қатысу үшін кепілдік жарна
Сатып алушының міндеттері және автокөлікті қабылдап алу тәртібі
Ең жоғары баға ұсынған сатып алушы аукцион аяқталғаннан кейін аукцион қорытындылары туралы хаттамаға дереу қол қоюға міндетті.
Сатып алушы автокөліктің толық құнын, бұрын төленген кепілдік жарнаны шегере отырып, сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде аударуға міндетті.
Меншік құқығын қайта ресімдеуге, салықтарды, әкімшілік алымдарды, кедендік баждарды және автокөлікті сатып алуға байланысты өзге де төлемдерді төлеуге жұмсалатын барлық шығысты сатып алушы толық көлемде өтейді.
Мүлікпен танысу және байланыс деректері
Автокөліктердің техникалық жай-күйін қарап шығуға, тиісті құжаттармен танысуға және өтінім бланкісін алуға жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:30-ге дейін мына мекенжайда болады: 75008, Париж қ., Пьер Шаррон көшесі, 59.
Анықтама телефондары: +33 7 68 28 80 45, +33 7 69 50 05 77
Электрондық пошта: pd.paris@mfa.kz
2026 жылғы 1 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өкілдерімен екінші кездесу өтті. Бұл жолы ЭЫДҰ сарапшылары студенттерге арналған ашық дәріс өткізіп, оған 350-ге жуық тыңдаушы қатысты.
Іс-шара бір күн бұрын ЭЫДҰ өкілдері мен Экономика және бизнес жоғары мектебінің профессор-оқытушылар құрамы арасында басталған кәсіби диалогтың жалғасы болды. Алғашқы кездесу оқытушыларға және адалдық қағидаттарын білім беру бағдарламаларына енгізу мүмкіндіктеріне бағытталса, екінші кездесу студенттер аудиториясына арналды.
Дәріс ЭЫДҰ-ның «Fair Market Conditions for Competitiveness in Kazakhstan» жобасы аясында ұйымдастырылып, «Introduction to Integrity / Integrity in the Private Sector» тақырыбына – адалдық қағидаттары мен олардың жеке сектордағы маңызына арналды.
Студенттер алдында Уильям Томпсон (William Tompson) – ЭЫДҰ Еуразия бөлімінің басшысы, Селест Лапорт-Таламон (Céleste Laporte-Talamon) – Орталық Азия бойынша саясат жөніндегі талдаушы және Егор Полищук (Egor Polishchuk) – Орталық Азия бойынша саясат жөніндегі кіші талдаушы сөз сөйледі.
Дәрістің басында сарапшылар студенттерді ЭЫДҰ қызметінің негізгі бағыттарымен және Қазақстан мен ұйым арасындағы ынтымақтастықтың дамуымен таныстырды. Қазақстанның ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығы 2008 жылдан бері белсенді дамып келе жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар Қазақстан ЭЫДҰ-ның Еуразиядағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағдарламасы және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріне арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл желісі секілді бірқатар өңірлік бастамаларға қатысады.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі integrity – адалдық және парасаттылық ұғымы болды. ЭЫДҰ сарапшылары оны ашықтыққа, есептілікке және адал қызмет жүргізуге деген тұрақты ұстаным ретінде қарастырды. Дәріс барысында парақорлық, мүдделер қақтығысы, тендерлер кезіндегі сөз байласу және заңсыз төлемдер сияқты адалдық қағидаттарына қайшы келетін тәжірибелер талқыланды.
Сондай-ақ адалдық қағидаттарының жеке сектор мен жалпы экономика үшін маңыздылығына ерекше назар аударылды. Сарапшылар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бәсекелестікке, тікелей шетелдік инвестицияларға, халықаралық саудаға және ұзақ мерзімді экономикалық өсуге ықпалын талқылады. Қазақстан экономикасының ерекшеліктері мен бизнесті жүргізу үшін тең әрі ашық жағдай қалыптастыру мәселелері де қарастырылды.
Студенттер ЭЫДҰ-ның негізгі халықаралық құралдарымен, соның ішінде Көпұлтты кәсіпорындардың жауапты бизнес жүргізуіне арналған ЭЫДҰ нұсқаулықтарымен, ЭЫДҰ-ның парақорлыққа қарсы конвенциясымен және жауапты бизнес жүргізудегі тиісті тексеру жөніндегі ЭЫДҰ нұсқаулығымен танысты. Практикалық мысалдар арқылы халықаралық стандарттардың компаниялардың мемлекеттік органдармен, серіктестермен, жеткізушілермен және жергілікті қауымдастықтармен қарым-қатынасында қалай қолданылатыны көрсетілді.
Іс-шараның маңызды бөлігі практикалық кейстерді талқылауға арналған воркшоп болды. Оның барысында студенттер дәрісте алған білімдерін нақты жағдайларға қолдануға мүмкіндік алды. Жалпы бағдарлама алты негізгі бағытты қамтыды: ЭЫДҰ және Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы ынтымақтастық, адалдық ұғымы, оның жеке сектор үшін маңызы, ЭЫДҰ құралдары, Қазақстан бойынша ЭЫДҰ зерттеулерінің нәтижелері және практикалық кейстерді талдау.
Кездесуге 350-ге жуық тыңдаушының қатысуы тақырыпқа деген жоғары қызығушылықты көрсетті. Студенттер халықаралық сарапшылармен тікелей пікір алмасып, ЭЫДҰ тәсілдері мен халықаралық стандарттарымен танысуға, сондай-ақ ашықтық, жауапкершілік және адалдық қағидаттарының болашақ экономистер, менеджерлер, кәсіпкерлер мен мемлекеттік сектор мамандары үшін маңызын талқылауға мүмкіндік алды.
Сапар бағдарламасы аясында ЭЫДҰ өкілдері үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кампусы бойынша арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар университеттің инфрақұрылымымен танысып, ҚазҰУ музейін аралады. Музейде оларға университеттің қалыптасу және даму тарихы, негізгі жетістіктері, сондай-ақ Қазақстандағы білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі таныстырылды.
Кампус-турдың ерекше бөліктерінің бірі – қонақтардың ҚазҰУ суперкомпьютерлік кешеніне баруы болды. ЭЫДҰ өкілдері университеттің заманауи есептеу инфрақұрылымымен, оның ғылыми зерттеулер жүргізу, ауқымды деректерді өңдеу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы жобаларды іске асыру мүмкіндіктерімен танысты.
ЭЫДҰ сарапшыларын, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерді біріктірген екі күндік бағдарлама халықаралық кәсіби және академиялық диалог үшін маңызды алаңға айналды. Сапар ЭЫДҰ өкілдеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім беру, ғылыми және технологиялық әлеуетімен кеңінен танысуға мүмкіндік беріп, университет пен ЭЫДҰ арасындағы білім беру, ғылыми зерттеулер және жауапты бизнес жүргізу қағидаттарын ілгерілету бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз қалады.
Қазақстан Республикасының делегациясы Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтіп жатқан Еуропа және Жерорта теңізі өсімдіктер карантині және оларды қорғау ұйымының (ЕОКЗҰ) 76-сессиясына қатысуда.
Халықаралық алаңға ЕОКЗҰ-ға мүше 40-тан астам мемлекеттің басшылары мен өкілдері жиналды.
Іс-шара барысында Ұйым қызметінің негізгі бағыттары, оның ішінде өткен жылғы жұмыс қорытындылары және осы жылға арналған басым міндеттердің орындалуы, қаржылық мәселелер, сондай-ақ ЕОКЗҰ-ның халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуы турасында қарастырылуда.
Өсімдіктерді қорғау құралдары мен фитосанитариялық шаралар мәселелері бойынша мамандандырылған жұмыс топтарының қызметіне ерекше назар аударылды. Басым бағыттардың бірі – ЕОКЗҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасы мен фитосанитариялық стандарттарын одан әрі үйлестіру.
Қазақстан үшін бұл бағыт фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге қолайлы жағдай жасау қажеттілігіне байланысты айрықша маңызға ие. Ұлттық талаптарды халықаралық стандарттарға жақындату саудадағы техникалық кедергілерді азайтуға және қазақстандық агроөнеркәсіптік өнімдердің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
«Қазақстанның ЕОКЗҰ жұмысына қатысуы карантин және өсімдіктерді қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық фитосанитариялық бақылау жүйесін жетілдіруге және сонымен қатар отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің шетелдік нарықтардағы қатысуын кеңейтуге жағдай жасауға мүмкіндік береді. Халықаралық фитосанитариялық талаптарды сақтау – қауіпсіз сауданы қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі», – деп атап өтті ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков.
Үш күнге жоспарланған сессия қорытындысы бойынша ЕОКЗҰ-ның жұмыс бағдарламасы және 2027 жылға арналған халықаралық іс-шаралар күнтізбесін бекіту жоспарлануда.
Қабылданған шешімдер Ұйымға мүше мемлекеттердің фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықаралық стандарттарды жетілдіру, сондай-ақ өсімдіктерді қорғау саласына заманауи тәсілдер мен технологияларды енгізу бағытындағы күш-жігерін одан әрі үйлестіруге бағытталатын болады.
https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1296939?lang=kk
Париж, 2026 жылғы 18 қыркүйек — ЮНЕСКО-ның Париждегі бас кеңсесінде әйгілі қазақ опера әншісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Дәуір дауысы» салтанатты концерті өтті.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығының директоры Лазар Элунду Ассомо, дипломатиялық корпус, қазақ диаспорасы және Франция жұртшылығының өкілдері қатысты.
Қазақстан бастамасымен Е. Серкебаевтың 100 жылдығы оның әлемдік мәдениет пен өнерге қосқан айрықша үлесін мойындау белгісі ретінде 2026 жылы ЮНЕСКО-ның қатысуымен аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енгізілді.
Концерт алдында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А. Қырықбаев пен ЮНЕСКО-ның Бас директоры Халед әл-Анани арасында екіжақты кездесу өтті. Тараптар Қазақстан мен Ұйым ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, соның ішінде елдің материалдық мәдениет ескерткіштерін, бай рухани және деректі мұрасын халықаралық тізілімдерге ілгерілету мен қорғауды, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің қызметін талқылады.
Концерттің ашылуында Министр өнер иесі мұрасының ұлттық мәдениет тарихындағы айрықша орны мен оның жүз жылдығын халықаралық деңгейде атап өтудің маңызын айтты.
«Ермек Серкебаев – қазақ опера өнерін әлемдік деңгейге көтеріп, ұлттық музыкалық театрдың төл мектебін қалыптастыруға зор үлес қосқан ұлы әншілердің бірі. Әрине, оның мерейтойын ЮНЕСКО-да атап өту — біз үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі кешті әнші мен оның тыңдармандары арасындағы шығармашылық үндестіктің жалғасы деп білемін», — деді А. Қырықбаев.
Өз кезегінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығының директоры Л. Элунду Ассомо Е. Серкебаевтың әлем мәдениетіндегі маңызы мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудағы рөлін атап өтті.
«Ол сахнада сомдап, орындаған сан алуан рөлдері арқылы Қазақстандағы опера өнерінің дамуына және оның елден тыс жерлерде танылуына баға жетпес үлес қосты. Әншінің шығармашылық жолы өнер иелерінің әлемде өз мәдениетінің елшісі бола алатынын еске салады. Музыка арқылы олар халықтар арасында хикаялар, дәстүр, сезім мен құндылықтарды жеткізіп, бір-бірін танып-білуге және баршамызды біріктіретін ортақ негізді ұдайы табуға көмектеседі», — деп атап өтті Л. Элунду Ассомо.
«Қазақстанда бірнеше ұрпақ пен буын үшін Ермек Серкебаев ұлттық мәдениетіміздің тарихындағы тұтас бір дәуірге айналған орындаушылық шеберліктің символы болды. Әлемнің әр түкпіріндегі гастрольдерінде ол халықаралық аудиторияны қазақ операсымен таныстырды. Сонымен бірге әрдайым еліне адал болып, ұстаз ретіндегі ерен еңбегі арқылы кәсіби музыканттардың төл мектебін қалыптастыруға үлес қосты», — деп толықтырды Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Елшісі, Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.
«Дәуір дауысы» атты кеш бағдарламасын Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, хоры мен симфониялық оркестрі ұсынды. Бұл кеште ЮНЕСКО сахнасында қазақ және әлемдік опера классикасының туындылары, сондай-ақ Е. Серкебаевтың репертуарында ерекше орын алған шығармалар орындалды.
Бағдарламаға Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов шығармалары, қазақ халық әндері, сондай-ақ әлемдік опера классикасының жауһарлары — Шарль Гуно, Петр Чайковский, Джоаккино Россини және Жорж Бизе туындылары енді. Атап айтқанда, «Айсұлу» операсынан Серкенің ариясы, «Иолантадан» Роберттің ариясы, «Севилья шаштаразынан» Фигароның каватинасы, «Фаусттан» Валентиннің ариясы, «Карменнен» «Хабанера» және басқа да шығармалар орындалды.
Бұл кеште ЮНЕСКО сахнасында заманауи қазақ опера мектебін танытатын Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері өнер көрсетті. Олармен бірге театрдың хоры мен симфониялық оркестрі қатысты. Бағдарламада көрнекті әншінің жиені Жәмилә Серкебаеваның өнер көрсетуі ерекше орын алды. Ол скрипкада қазақ ұлттық музыкасы репертуарындағы жарқын туындыларды орындады.
Ермек Серкебаев (1926–2013) — қазақ музыка өнері тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі. Бірегей баритон дауысы мен айрықша актерлік дарынның иесі опера сахнасына алпыс жылдан астам уақытын арнап, ұлттық және әлемдік репертуарда сан алуан жарқын кейіптер тізбегін қалыптастырды.
Е. Серкебаев шығармашылығы қазақ опера мектебінің қалыптасуы мен халықаралық деңгейде мойындалуында елеулі рөл атқарды. Оның көпжылдық ұстаздық қызметі де қазақ әртістерінің жаңа буынын тәрбиелеуге және ұлттық вокал дәстүрінің сабақтастығын сақтауға ықпал етті.
ЮНЕСКО-да «Дәуір дауысы» концертінің өткізілуі Е. Серкебаевтың 100 жылдығына арналған мерейтойлық жылдың басты іс-шараларының бірі ретінде Қазақстанның бай мәдени мұрасы мен заманауи орындаушылық өнерін әлемдік аудиторияға таныстыруға тамаша мүмкіндік берді.
Жыл сайын 10 тамызда елімізде ұлы ақын, ойшыл, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлына арналған Абай күні атап өтіледі.
Айтулы күнге орай жақында «Абай» журналында жарық көрген Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахмановтың сұхбатымен бөлісіп отырмыз.
Мақалада Қазақстанның беделді үкіметаралық ұйымымен ынтымақтастығы, Абай шығармаларының қолжазбаларын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне енгізу жөніндегі жұмыс, сондай-ақ басқа да тақырыптар талқыланады.
Сұхбат мәтінімен төменде танысуға болады.
Асқар Абдрахманов, ҚР ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі
Еркін Байғабылұлы, «Абай» журналы
ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізімі қашаннан бері жасалып келеді? Оған әлем елдерінің қандай мұралары енген?
– Ең алдымен, Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ынтымақтастығына қызығушылық танытып, журнал бетінде оның кейбір бағыттары туралы кеңірек әңгімелеуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс білдіреміз.
Көпшілікке мәлім, Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ұйымы – ЮНЕСКО 1945 жылы құрылған. Оның басты мақсаты – аталған салалардағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту арқылы әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үдерісіне үлес қосу.
«Әлем жады» бағдарламасы құжаттық мұраның – яғни қағаз, аудиовизуалдық, цифрлық немесе өзге де форматтағы айрықша тарихи құндылығы бар құжаттар мен құжаттар топтамаларының – жоғалуының алдын алу құралы ретінде ЮНЕСКО тарапынан 1992 жылы құрылған.
Жалпы, мәдени мұра, соның ішінде құжаттық мұра – тек бір елдің ғана емес, адамзаттың ортақ игілігі. Ол арқылы біз өткен заманның тәжірибесіне сүйене отырып, бүгінгі өміріміз бен болашағымызды байыта аламыз.
«Әлем жады» бағдарламасы халықаралық, өңірлік және ұлттық деңгейлердегі құжаттық мұра тізімдерін қалыптастыру арқылы құжаттық мұраның маңыздылығы жөніндегі қоғамдарымыздың хабардарлығын арттырып, оны көпшілікке барынша қолжетімді ету үшін жасалған.
«Әлем жады» бағдарламасының халықаралық тізімі 1995 жылы құрылған және бүгінде дүниенің барлық құрлықтарынан жиналған 570 құжат пен құжаттар топтамасын қамтиды. Оның құрамында тасқа қашалған мәтіндерден бастап пергаменттер мен папирустар, кино және магниттік таспаларға дейінгі түрлі материалдардағы құжаттар бар.
Арасында ең танымалдарының қатарында Иоганн Гутенбергтің Інжілі (баспадан шыққан алғашқы кітап), Француз революциясы дәуіріндегі Адам және азамат құқықтарының декларациясы, Екінші дүниежүзілік соғыстағы геноцидте құрбан болған Анна Франктің күнделігі, Людвиг ван Бетховеннің 9-шы симфониясы ноталарының түпнұсқасы, ағайынды Люмьерлер жасаған тарихтағы алғашқы кинофильмдер, Фирдоусидің «Шахнама» эпосының, Рашид әд-Диннің Ұлы дала тарихы үшін ерекше маңызы бар «Жами ат-тауарих» еңбегінің, Жүсіп Баласағұнның «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігінің қолжазба нұсқалары бар.
Қазақстанның атынан бұл тізімге төрт құжат топтамасы қосылған. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи шығармаларының қолжазбалар жинағы, «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының аудиовизуалдық құжаттары және Арал теңізіне қатысты архив қорлары бар. 2025 жылы бұл тізім «Ғылым ордасы» кітапханасының қорындағы «Хандар шежіресі» қолжазбасымен толықты. Аталған құжат Қазақстан мен Орталық Азия тарихын зерттеушілер үшін де құнды дереккөз болып табылады.
Осы тізімге Абайдың «Қара сөздерін» енгізуді Президент арнайы тапсырды. Қазір не істеліп жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл жылдың басында Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында атап өткендей, Абайдың ой-толғамдары заман өткен сайын өзектілігін жоғалтпайды.
Абай – жаһандық деңгейдегі ойшыл. Шығармаларының қолжазбасын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіліміне енгізу әлем жұртшылығының хәкім Абайдың мұрасымен таныстығын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Абай Құнанбайұлының шығармаларын кезінде қасында жүрген Мүрсейіт Бикеұлы жазып алғаны белгілі. ЮНЕСКО-ға енгізілген номинацияда Алматыдағы «Ғылым ордасы» кітапханасында сақтаулы соның екі қолжазбасы көрсетілген.
Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс аясында аталған кітапхананың мамандары дайындаған номинация ЮНЕСКО тағайындаған сарапшылардың қарауына шығару үшін қажетті техникалық шаралар жүзеге асырылды.
Арнайы комиссия іріктеу жүргізе ме? Қанша уақытқа созылады?
– ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының хатшылығы номинациялардың қажетті техникалық талаптарға сәйкестігін растаған соң, қазіргі уақытта бағдарлама сарапшылары ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттерден түскен барлық өтінімдерді қарастыруда.
Одан кейін шамамен бір жыл ішінде өтінімдерді арнайы халықаралық комитет бағалайтын болады. Өтінімдер бойынша түпкілікті шешім 2027 жылғы қараша айында өтетін ЮНЕСКО-ның 44-Бас конференциясында қабылдануы тиіс.
ЮНЕСКО-мен бірлескен қандай жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр?
– Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ынтымақтастығының еліміздің ішкі және сыртқы саясатында өзінің лайықты орны бар. Орнықты дамуды, мәдени мұраны сақтауды, ғылыми зерттеулер мен білім беру сапасын арттыруды өзіне басымдық ретінде қарастыратын мемлекет ретінде Қазақстан халықтар арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті қолдау мақсатында ЮНЕСКО-мен серіктестікті мазмұнды жалғастырып келеді.
Еліміз 1992 жылы ЮНЕСКО-ға мүше болған кезден бері ұйыммен әріптестік аясында мәдени және табиғи мұраны сақтау, баршаға қолжетімді білім беру жүйесін дамыту, ғылыми және технологиялық инновацияларды қолдау, мәдениетаралық диалогты ілгерілету бағыттарында маңызды жобалар жүзеге асырылды. Қазақстанда ЮНЕСКО қамқорлығымен Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы мен Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы жұмыс істейді.
Өздеріңізге мәлім, 2026 жыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осыған байланысты оқырмандарыңыз үшін биыл жылдың басында Қазақстан мен ЮНЕСКО еліміз бен қоғамның жасанды интеллектті кеңінен қолдануға этикалық тұрғыдан дайындығына ресми бағалау жүргізіліп келе жатқаны да қызықты болар деп ойлаймын.
Аталған жоба аясында жасанды интеллектті қолданудың ұлттық жүйесіне, соның ішінде құқықтық базасына, әлеуметтік-гуманитарлық, экономикалық, ғылым мен технология, білім беру салаларындағы аспектілеріне кешенді талдау жүргізілуде. Осы зерттеудің қорытындысы бойынша адам баласының қажеттіліктерін басшылыққа алатын жасанды интеллект жүйесін қалыптастыру жөнінде практикалық ұсынымдар әзірленеді.
Алдағы уақытта ЮНЕСКО аясында қандай тұлғаларымыздың мерейтойлары аталып өтуі мүмкін?
– ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясында 2026–2027 жылдары ЮНЕСКО қатысуымен аталып өтетін маңызды мерейтойлар тізіміне Қазақстанның екі көрнекті өкілінің мерейтойларын енгізу туралы шешім қабылданды.
Атап айтқанда, бұл тізімге атақты артист, әншіміз Ермек Серкебаевтың және танымал кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдықтары кірді. Бұл – көрнекті қайраткер тұлғаларымыздың әлемнің мәдени мұрасына қосқан үлесінің кезекті мойындалуы.
Осыған байланысты аталған мерейтойларға орай биыл Мәдениет және ақпарат министрлігінің Сыртқы істер министрлігінің ынтымақтастығымен бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Бұл айтулы мерейтойларды лайықты деңгейде атап өту ғана емес, сонымен қатар қазақстандық және халықаралық жұртшылыққа отандастарымыз қалдырған бай мәдени мұраның мәні мен мазмұнын қайта таныстыру, оның күллі адамзаттың рухани қазынасына қосқан құнды үлесін көрсету маңызды.
Әрине, ЮНЕСКО-ның мерейтойлар бағдарламасы аясындағы бұл жұмыс алдағы жылдары да жалғасатын болады.
“Абай” Республикалық фольклорлық – этнографиялық әдеби – көркем журнал
2026
Жылқы жылы
№ 3 (178)
мамыр-маусым
Пусан, 2026 жылғы 25 шілде – Бүгін Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясында «Маңғыстаудың жартасты мешіттері мен олармен байланысты киелі орындарын» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды.
ЮНЕСКО-ның жаңа нысанының құрамына бес жартасты мешіті – Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан үпі енді.
Бұл шешім Қазақстанның батысында ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-мәдени ескерткіштер кешенінің айрықша әмбебап құндылығын, сондай-ақ өңірдің табиғи ортасы мен геологиялық ерекшеліктеріне бейімделген рухани дәстүрлер мен тәжірибелердің жергілікті сәулет өнеріндегі көрінісінің жарқын үлгісі екенін халықаралық деңгейде мойындаудың айғағы болды.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы 2024 жылғы наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында уәкілетті органдарға ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясымен бірлесіп Маңғыстаудың жартасты мешіттерін Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу бойынша жұмыс жүргізуді тапсырған болатын.
Комитеттің Пусандағы сессиясындағы отандық делегацияны Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары Ерлан Қарин басқарды. Делегация құрамына сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, сондай-ақ мәдени және табиғи мұраны қорғау саласындағы жетекші сарапшылар кірді.
Шешім қабылданғаннан кейін сөйлеген сөзінде Е. Қарин Комитет мүшелеріне, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығына және Ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау жөніндегі халықаралық кеңеске (ИКОМОС) номинацияны дайындау барысында көрсеткен кәсіби бағалауы, сындарлы диалогы және қолдауы үшін алғыс білдірді.
Ол Маңғыстаудың киелі ескерткіштерінің Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілуі олардың бүкіл адамзат үшін маңыздылығының мойындалуы ғана емес, сондай-ақ қазақ халқының бай тарихына, рухани мұрасы мен мәдени болмысына көрсетілген құрметтің белгісі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл шешім Қазақстанға осы бірегей мұраны келер ұрпақ үшін сақтау жөнінде ерекше жауапкершілік жүктейді және елдің 1972 жылғы Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы халықаралық конвенцияның ережелерін орындауға деген өзгермейтін бейілдігін растайды.
Шешім қабылданғаннан кейін Пусан қаласының конгресс-орталығында Маңғыстаудың киелі орындарының ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілуіне арналған салтанатты рәсім өтті. Оның аясында Комитет сессиясына қатысушы делегаттар қазақстандықтарды осы айтулы оқиғамен құттықтады. Домбырашы Мейірбан Сейітбай мен жетігенші Сабина Бауыржанова Ұлы даланың тарихынан, Маңғыстаудың рухани дәстүрлерінен және қазақ халқының мәдени мұрасынан шабыт алған музыкалық шығармаларды орындады.
Нысанның ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Маңғыстау облысы әкімдігінің, сондай-ақ ұлттық ғылыми мекемелер мен сарапшылардың 1972 жылғы тиісті халықаралық Конвенция талаптарына сәйкес номинациялық досьені дайындау жөніндегі көпжылдық бірлескен жұмысының нәтижесі болды.
ЮНЕСКО-ның жаңа Дүниежүзілік мұра нысанына енген бес жартасты мешітінің ішінде ең танымалы – XVIII–XIX ғасырлардағы көрнекті тұлға Бекет атамен байланысты Бекет ата жартасты мешіті. Бүгінде ол Қазақстандағы ең қастерлі зиярат орындарының бірі болып саналады және жыл сайын әлемнің түрлі елдерінен келетін жүздеген мың келушіні қабылдайды.
Аңыз бойынша, Бекет ата өзінің рухани тәлімін Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті, орта ғасырлардағы көрнекті сопылық тұлға Шопан атаның жерленген орнында алған. Сондықтан көптеген зияратшылар Маңғыстаудағы маңызды жартасты мешіттерінің бірі саналатын Шопан ата мешітіне, сондай-ақ оның маңындағы көне қорым мен құдықтарға да арнайы барады.
Қараман ата кешені өңірдегі ең ірі киелі орталықтардың бірі болып табылады. Оның құрамына жартасты мешіті пен ауқымды тарихи қорым кіреді. Ғасырлар бойы бұл кешен діни өмір мен рухани тәлімнің маңызды орталығы болып келеді.
Борлы жынысқа қашалып салынған Шақпақ ата жерасты мешіті Қазақстан аумағындағы ең көне мешіттердің бірі саналады. Оның айқыш тәрізді бірегей жоспарлануы, бай сәндік безендірілуі және көптеген эпиграфикалық ескерткіштері ортағасырлық Маңғыстаудың рухани әрі көркем мәдениетінің жоғары деңгейін айғақтайды.
Сұлтан үпі ерте заманнан бері жолаушылар мен теңізшілердің қамқоршысы ретінде қастерленіп келеді. Каспий теңізінің жағалауына жақын орналасқан аттас жартасты мешіті ғасырлар бойы жергілікті тұрғындар мен құрлық және теңіз сауда жолдарымен жүрген көпестер үшін зиярат және рухани медет орны қызметін атқарған.
Маңғыстаудың киелі орындарының ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілуімен Қазақстандағы Дүниежүзілік мұра нысандарының саны жетіге жетті. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтері, Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері, Ұлы Жібек жолының Чанъань–Тянь-Шань дәлізінің бағыттар желісі, Батыс Тянь-Шань және Қоңыржай белдеудің Тұран шөлдері бар.
«Қазақстан – менің көзіммен» – шетелде тұратын этникалық қазақ балаларына арналған онлайн сурет салу байқауы.
Байқау қатысушылардың Қазақстан туралы көзқарасын, елге деген сүйіспеншілігін, тарихи-мәдени мұрасын, табиғатын, ұлттық құндылықтарын және болашаққа деген арман-тілектерін шығармашылық тұрғыдан бейнелеуге бағытталған.
Байқауға шығармашылық жұмыстар 2026 жылғы 17 маусымнан бастап 28 тамызға дейін қабылданады.
Байқау қорытындысы бойынша 10 жеңімпаз қазылар алқасының шешімімен анықталады.
Жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.
I орын – Ноутбук;
II орын – Планшет;
III орын – Смарт сағат.
Ынтыландыру сыйлықтары – «Бестемше» ойыны.
I. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
Байқауға шетелде тұратын 12–17 жас аралығындағы этникалық қазақ балалары қатыса алады (ұлты қызық шетел азаматы екенін растау үшін өз жұмысымен бірге төл құжатының көшірмесін жіберу міндетті);
Байқауға ұсынылатын сурет «Қазақстан – менің көзіммен» тақырыбына сәйкес болуы тиіс.
Қатысушы жұмысын жіберерде міндетті түрде төмендегі ақпараттармен қоса жіберу керек:
- Өзі туралы ақпарат (Толық аты-жөні, азаматтығы, оқитын мектебі мен сыныбы, байланыс нөмері);
- Өзін таныстыру, салған суретін түсіндіру мақсатында ұзақтығы 2 минуттан аспайтын бейнежазба;
- Суретті өзі салғанын растау үшін ұзақтығы 3 минуттан аспайтын сурет салу процессінен бейнежазба және байқау тақырыбынан бөлек басқа да бірнеше туындыларын қосып жіберу керек.
Жұмыстар 2026 жыл 28 тамызға дейін oqbaiqau@gmail.com эл-поштасында қабылданады;
II. Шығармашылық жұмысқа қойылатын талаптар
Байқауға қағазға салынған суреттердің электрондық нұсқасы қабылданады.
Қатысушылар келесі құралдарды пайдалана алады: қарындаш, түрлі-түсті қарындаш, фломастер, акварель бояулары, гуашь, майлы бояулар, пастель, көмір, маркер, акрил бояулары, гельді қаламдар және басқа да көркем сурет салу құралдары.
Суреттер келесі тақырыптарды қамтуы мүмкін:
- Қазақстанның табиғаты;
- тарихи және мәдени ескерткіштер;
- ұлттық салт-дәстүрлер;
- қазақ халқының тұрмысы;
- ұлттық мерекелер;
- Қазақстанның көрікті жерлері;
- болашақтағы Қазақстан туралы арман-тілектер.
Бір қатысушы бірнеше жұмыс ұсына алады.
Байқауға тек авторлық жұмыстар қабылданады.
Жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген суреттер қабылданбайды.
Қатысушы байқауға ұсынған жұмысын ұйымдастырушының ресми интернет-ресурстарында, әлеуметтік желілерінде және көрмелерде көрсетуге келісім береді.
Жұмыстар JPEG, JPG, PNG немесе PDF форматында қабылданады.
19 шілдеде Корея Республикасының Пусан қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясы өз жұмысын бастады. Сессия 29 шілдеге дейін жалғасады.
Шараның ресми ашылу рәсіміне Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мён және ЮНЕСКО-ның Бас директоры Халед Әл Анани қатысты.
Сессияға ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенциясына 196 мемлекеттен шамамен 3 000 қатысушы, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылық қауымдастықтың өкілдерін біріктірді.
Отырыс барысында Ұйым Дүниежүзілік мұра тізіміне 30 жаңа ұсыныстың енгізілуін, сондай-ақ мұра объектілерінің сақталу жай-күйіне қатысты 147 есепті қарастырады.
Қазақстан делегациясы Дүниежүзілік мұра комитетінің мүшесі ретінде сессия жұмысына белсенді қатысуда.
Сессия барысында Қазақстан ұсынған «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен байланысты киелі нысандар» номинациясын қарау жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудағы бірегей жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бағытындағы жұмысты бастауды тапсырған болатын.
https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1260833?lang=kk
2026 ж. 22-23 маусым күндері ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев ЭЫДҰ-ның Статистика және статистикалық саясат жөніндегі комитетінің 23-отырысына қатысты.
Жыл сайынғы отырысқа қатысушы елдердің ұлттық статистикалық органдарының өкілдері ресми статистиканы дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылау мақсатында бас қосты. Кездесу барысында жаңа дерек көздері мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, статистикалық ақпараттың сапасын арттыру, әлеуметтік зерттеулерді жетілдіру және тұрақты қаржыландыру саласындағы халықаралық деңгейде салыстырмалы статистиканы дамыту мәселелері қаралды.
Сондай-ақ ресми статистиканы өндіру үдерістеріне жасанды интеллекттің әсеріне ерекше назар аударылып, оның деректер сапасын арттырудағы мүмкіндіктері мен оған байланысты тәуекелдер талқыланды.
Аталған іс-шара аясында М. Тұрлыбаев Қазақстанның ЭЫДҰ-мен бірлескен жұмысы туралы ақпарат ұсынды. Атап айтқанда, ЭЫДҰ сарапшылар тобының қатысуымен Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне жүргізілген үш жылдық шолу жұмысының іс жүзінде аяқталуға жақын екені, оның қорытындысы бойынша ресми статистиканы дамытудағы елеулі прогресс оң бағаланғаны туралы хабарлады.
Сондай-ақ Қазақстан 2025 жылы қосылған ЭЫДҰ-ның адал статистикалық тәжірибе жөніндегі ұсынымын орындау бағытында Бюро тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар атап өтілді.
«Осы Шолудың жүргізілуі және Комитеттің барлық мүшелерінің қолдауының арқасында өткен жылдың шілде айында біз ұлттық статистикалық жүйе үшін аса маңызды кезеңге қол жеткіздік, Қазақстан ресми түрде тиісті статистикалық тәжірибесі жөніндегі Ұсынымға қосылды. Комитеттің барлық мүшелеріне көрсеткен сенімі үшін шынайы алғысымызды білдіремін және Қазақстанның ЭЫДҰ статистика сапасының жоғары стандарттарын сақтау жөніндегі берік ұстанымын тағы да растаймын», - деді М. Тұрлыбаев.
Комитет отырысы аясында М. Тұрлыбаев Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ЭЫДҰ-ның Әл-ауқат, инклюзивтілік, тұрақты даму және тең мүмкіндіктер орталығының (WISE) директоры Р. Боаринимен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстанның үй шаруашылықтары бойынша зерттеулер мен әлеуметтік сауалнамалар жүргізу кезінде кездесетін негізгі мәселелері және ықтимал ынтымақтастық бағыттары талқыланды.
Париж, 2026 жылғы 17 маусымы – Қазақстан Республикасының делегациясы Париж қаласында өткен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Жасыл іс-қимылдар жөніндегі арнайы жұмыс тобының (Green Action Task Force, GATF) отырыстарына белсенді қатысты. Делегация құрамына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат департаментінің директоры Сәуле Сабиева, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Ержан Несібкұлов, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері мен ҚР Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің дипломаттары кірді. GATF Орталық Азия, Кавказ және Шығыс Еуропа елдерінде «жасыл» саясатты ілгерілетуге арналған алаң болып табылады.
Отырыстар барысында Қазақстан өкілдері 2026 ж. 22 24 сәуірде Астана қаласында өткен Өңірлік экологиялық саммиттің нәтижелері туралы ақпарат ұсынып, сондай-ақ саммитті өткізуге қосқан мазмұнды үлесі үшін ЭЫДҰ-ға тағы да алғыс білдірді.
С. Сабиева Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі жасыл экономиканы жоспарлау мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде сөз сөйледі. Өз баяндамасында ол қатысушыларды Қазақстандағы Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асырудың қазіргі жағдайы мен басымдықтары туралы хабардар етті.
Орталық Азияда орнықты инфрақұрылымды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыру жөніндегі мәселені талқылау шеңберінде Е. Несібқұлов Қазақстанда Sustainable Infrastructure Programme in Asia (SIPA) бағдарламасын іске асыру, атап айтқанда, оның командасының қолдауымен Қазақстанның 2060 жылға дейінгі Төмен көміртекті Даму стратегиясы жобасын әзірлеу, әсіресе «жасыл» жобаларға инвестицияларды қоса алғанда елдің инвестициялар жөніндегі саясатты жетілдіру жөніндегі шараларды әзірлеудегі тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстанда SIPA бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға қызығушылық білдірді.
Талқылаулар барысында Ұлттық іс-қимыл жоспарындағы басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған су секторына ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы тиісті шараларды әзірлеу және іске асыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға, сондай-ақ су секторын орнықты дамудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде таңдаудың халықаралық тәжірибені зерделеуге қызығушылығын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев 2027–2028 жылдарға арналған GATF Бюросы төрағасының орынбасары болып сайланды.
Іс-шара аясында Қазақстан делегациясы ЭЫДҰ Даму орталығының және Еуразиядағы бәсекеге қабілеттілік бағдарламасының басшылығымен қоса алғанда бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Олардың барысында одан әрі ынтымақтастықтың перспективалары, бірлескен жобаларды іске асыру және өзара іс-қимылдың басым бағыттары талқыланды.