
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Жаһандық парламенттік желісінің сессиясына қатысты.
2025 жылғы 5–7 ақпанда Парижде өткен жиналыста 200-ге жуық қатысушы – ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттері мен серіктес елдері парламенттерінің депутаттары, халықаралық ұйымдар өкілдері мен Ұйымның сарапшылары әлемдік экономиканың дамуы, климаттың өзгеруіне бейімделу, энергетикалық ауысу, жасанды интеллектті басқару, демографиялық саясат және жаһандық күн тәртібіндегі басқа да бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
ЭЫДҰ-ның даму мәселелері жөніндегі Стратегиясын талқылауға арналған сессияда сөйлеген сөзінде А. Құспан Қазақстан Парламенті алғаш рет ЭЫДҰ Жаһандық парламенттік желісінің жиналысына қатысып жатқанын және күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мазмұнды диалогқа қатысуға дайын екенін айтты. Депутат еліміз Ұйыммен жүйелі өзара іс-қимылдың берік тәжірибесін жинақтағанын, ал оның жоғары стандарттары мен практикалық ұсынымдары елдің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуының көптеген салаларында реформаларды іске асыру кезінде маңызды бағдар болып табылатынын атап өтті. Осыған байланысты биліктің заң шығарушы құрылымы Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты қолдауға, оның ішінде Үкімет пен Парламенттің заң шығару қызметін нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Сонымен қатар, ол ЭЫДҰ хатшылығының Еуразия бөлімінің басшысы Билл Томпсонмен кездесу өткізіп, онда Қазақстанның ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық саладағы ұлттық реформаларды әзірлеу және іске асыру процесінде практикалық ұсынымдарды енгізу мәселелерін қарастырды.
2011 ж. құрылған ЭЫДҰ-ның Жаһандық парламенттік желісі Ұйымға мүше мемлекеттер мен серіктес елдердің заңнаманы қалыптастыру мәселелері жөніндегі халықаралық алаң болып табылады. Желі құрылымы депутаттарға тәжірибе алмасуға, озық тәжірибелерді анықтауға және заң шығару саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа ықпал етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта желі әлемнің 90-нан астам елінен 1200-ден астам қатысушыны біріктіреді.
Қазақстан ЭЫДҰ-мен 2008 жылдан бастап «Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасы» шеңберінде және 2015 ж. бастап өзара түсіністік туралы екіжақты Меморандум шеңберінде, елдің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуының басым бағыттары бойынша салалық шолулар мен сараптамалық зерттеулерді тұрақты жүргізу арқылы жұмыс істеуде.