Қазақстан ЭЫДҰ-ның Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастығына арналған жиналысына қатысты

Қазақстан ЭЫДҰ-ның Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастығына арналған жиналысына қатысты

Париж, 2025 ж. 4–5 ақпан – Қазақстан «Шығыс серіктестігі өңірі мен Орталық Азияда климаттық іс-қимылды экономикалық бәсекеге қабілеттілікпен біріктіру» тақырыбына арналған ЭЫДҰ-дағы «Еуразия достары» мен Green Action Task Force жобасының ортақ жиналысына қатысты.

Отандық делегацияны Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова басқарды, және құрамына Сауда және интеграция жөніндегі Бірінші вице-министр Айжан Бижанова, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының, Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі Орталық Азияға арналған жобалық кеңсенің өкілдері болды.

Іс-шара аясында бас қосқан 100-ден астам қатысушылар Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі климаттың өзгеруінің жағымсыз салдарына қарсы күрес және экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі шараларды оңтайландыру мәселелерін талқылады.

З. Сүлейменова өз сөзінде Қазақстан Париж келісімінің мақсаттарына ортақтаса отырып, оны іске асыру үшін барлық мүдделі тараптардың мазмұнды халықаралық ынтымақтастығы мен белсенді қатысуы қажет энергетикалық ауысу мәселелеріне басымдық беретінін атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстанда метан шығарындыларын азайту, шығарындылар мониторингін күшейту және төмен көміртекті экономика жобаларына инвестициялар тарту үшін платформа құру бойынша «жол картасын» әзірлеу жүргізілуде. Бұл жұмыс Экологиялық кодекске түзетулер қабылдауды, көміртегі бейтараптығының жол картасын әзірлеуді және ұлттық деңгейде анықталған үлесті жаңартуды, сондай-ақ парниктік газдар квоталары бойынша ұлттық сауда жүйесінің тиімділігін қамтамасыз етуді қамтиды.

Сонымен қатар, З. Сүлейменова халықаралық серіктестермен, соның ішінде ЭЫДҰ және Халықаралық энергетика агенттігімен, бірлесіп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясында сөйлеген сөзінде жария етілген бастамасына сәйкес 2026 жылы Орталық Азияның Өңірлік климаттық саммитін өткізуге дайындық жүргізіліп жатқанын хабарлады.

ЭЫДҰ Бас хатшысының орынбасары Мэри-Бет Гудман қазіргі уақыттағы климаттық өзгерістерге қатысты сын-қатерлердің өсуі жағдайында өнеркәсіпті және басқа салаларды көмірсіздендіру, шикізаттық бағыттан арылу үшін экономиканы әртараптандыру, орнықты даму қағидаттарында өндірістің тиімділігін арттыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды жеделдету қажет екенін атап өтті. Сонымен бірге, ол Еуразия елдерінің ЭЫДҰ-мен жасыл экономика саласындағы белсенді ынтымақтастығына жоғары баға берді.

Іс-шараға қатысушылар инфрақұрылымды тұрақты дамыту, «жасыл» және тұрақты сипаттағы шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін қолдау, табиғи апаттардан кейін қалпына келтіру шаралары, климаттың өзгеруіне төзімді және төмен көміртекті ауыл шаруашылығын қалыптастыру, пайдалы қазбаларды өндіруге экологиялық жауапты тәсілдер және басқа да өзекті мәселелерді, сондай-ақ инвестициялық саясат және қаржыландыру құралдары мәселелерін талқылады.

ЭЫДҰ-дағы «Еуразия достары» тобы мен Green Action Task Force жобасының кеңейтілген сессиясының бірлескен отырысы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріне ЭЫДҰ-дан құнды сараптамалық қолдау алуға, пайдалы тәжірибе алмасуға, тиімді энергетикалық ауысуды қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін қарастыруға, екіжақты кездесулер мен бейресми пікір алмасулар өткізуге мүмкіндік берді.

Іс-шара қорытындысымен делегаттар экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, климаттың өзгеруінің жағымсыз салдарына қарсы күрес, өнеркәсіпті және экономикалық қызметтің басқа да салаларын көмірсіздендіру жөніндегі шараларды әзірлеу мәселелері бойынша мазмұнды диалог пен ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ «жасыл» экономика саласында сындарлы тәжірибе мен пікір алмасуды жалғастыруға уағдаласты.

ЭЫДҰ-ның 2008 ж. құрылған Еуразиядағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру жөніндегі бағдарламасы Ұйымның өңір елдері экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оларда іскерлік ахуалды жақсартуға және орнықты дамуды қолдауға бағытталған саясатты қолдау үшін Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азияның 13 елімен ынтымақтастығын нығайтуға жәрдемдеседі.

1993 ж. бастап ЭЫДҰ экологиялық саясат комитетінің қолдауымен жұмыс істейтін Green Action Task Force жобасы Ұйымның мүдделі мүше мемлекеттерінің Еуразия өңіріндегі әріптес елдермен экономиканы дамытудың экологиялық орнықты үлгілеріне көшу мәселелерінде ынтымақтастығы үшін алаң болып табылады.