Қазақстан мен ЮНЕСКО ынтымақтастығы туралы жаңа жарияланым ұсынылды

Қазақстан мен ЮНЕСКО ынтымақтастығы туралы жаңа жарияланым ұсынылды

Париж, 2024 ж. 12 желтоқсан – ЮНЕСКО-дағы ASPAC (Азия-Тынық мұхиты тобы) мүше мемлекеттерінің жыл сайынғы ресми қабылдауы аясында Қазақстан Республикасының Ұйыммен ынтымақтастығына арналған ағылшын тілінде тақырыптық брошюра ұсынылды.

Жаңа басылымда Қазақстан ЮНЕСКО-мен бірлесіп 1992 жылы Ұйымға кірген сәттен бастап іске асырған негізгі жетістіктері мен маңызды жобалары, елдің мәдени және табиғи мұраны сақтауға, білім, ғылым, ақпарат және коммуникациялар саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі егжей-тегжейлі баяндалады.

Сондай-ақ, брошюрада Қазақстан ЮНЕСКО тізіміне енгізген Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра объектілері, Материалдық емес мәдени мұра элементтері, биосфералық резерваттар, маңызды қайраткерлер мен оқиғалардың мерейтойлары, кафедралардың, қауымдастырылған мектептердің, ЮНЕСКО клубтарының ұлттық желілері, Ұйымның қамқорлығымен екінші санаттағы орталықтар туралы жинақталған мәліметтер қамтылған.

Өз сөзінде Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Ұйымға мүше мемлекеттерге Қазақстанның орнықты даму мақсатында көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бастамаларын жүйелі қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Іс-шара ЮНЕСКО мандаты бойынша ASPAC мүшелері арасында бейресми пікір алмасу үшін пайдалы алаң болды.

ASPAC тобы – ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде жұмыс істейтін дипломатиялық топ, Ұйым алаңындағы күш-жігерді үйлестіру үшін Азия-Тынық мұхиты аймағының 44 елін біріктіреді. 2024 жылы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі ASPAC тобы бюросының хатшысы болып табылады.