ЮНЕСКО клубтарының қазақстандық федерациясы Парижде жас суретшілердің дүниежүзілік мұраға арналған жұмыстарының альбомы мен көрмесін таныстырды

ЮНЕСКО клубтарының қазақстандық федерациясы Парижде  жас суретшілердің дүниежүзілік мұраға арналған жұмыстарының  альбомы мен көрмесін таныстырды

Париж, 2024 ж. 12 қараша – ЮНЕСКО-ның Париждегі бас пәтерінде Қазақстан Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ЮНЕСКО клубтарының қазақстандық ұлттық федерациясы (КазФУКА) ұйымдастырған «The Planet of Art 2024» халықаралық жастар фестивалінің жеңімпаздары мен финалистері жұмыстарының көркем альбомы мен көрмесінің тұсаукесері өтті.

Биыл фестивальдің көркем өнерге арналған шығарылымы әлемнің мәдени және табиғи мұра ескерткіштеріне, сондай-ақ адамзаттың жанды мәдени мұрасына арналып, ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының дүниежүзілік федерациясына Қазақстанның төрағалық етуі аясында өткізілді. Әлемнің барлық құрлықтарынан 3 пен 18 жас аралығындағы мыңдаған бала мен жасөспірім өз туындыларын фестиваль қазыларының назарына ұсынды. Байқаудың жеңімпаздары мен финалистері естелік дипломдармен марапатталып, жақында Алматы қаласында арнайы ұйымдастырылған мазмұнды мәдени-танымдық бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Финалистерінің 35 елден ұсынылған туындыларын енді Париждегі ЮНЕСКО-ның бас пәтерінде өтіп жатқан көрмеде тамашалауға болады. Сонымен қатар, салтанатты рәсімде фестиваль қатысушыларының 500 туындысын жинақтаған әдемі көркем альбом ұсынылды.

«Көптеген жылдар бойы бұл фестиваль әлемнің түрлі елдерінен тартатын балалар мен жастардың өзін-өзі танытып, мәдениетаралық диалогқа атсалысуы үшін пәрменді алаң құрып келе жатқанын мақтан тұтамыз. Байқау тақырыбына қатысты өз көзқарастарын көрсете отырып, олар өздерінің шығармашылығы арқылы біздің ортақ мұраларымыздың нәзіктігі мен ұлылығын айқын жеткізеді» – деді өзінің құттықтау хатында ЮНЕСКО клубтарының дүниежүзілік федерациясының президенті Болат Ақшолақов.

 «Бұл кескіндемелерде біз мәдени және табиғи мұрамыздың баршамызға ортақ жауһарларын көре аламыз. Көрме осы бірегей ескерткіштер мен дәстүрлерге жаңа буынның көзімен қарауға мүмкіндік беріп, оларды болашақ ұрпақтар үшін сақтау мен насихаттауға ынталандырады», — деді көрменің ашылуында ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.

 «ЮНЕСКО клубтарының халықаралық қозғалысының күші оның ортақ мақсаттарға жету үшін әртүрлі елдердің жастары мен қауымдастықтарын біріктіру қабілетінде жатыр. Бұл оларға мәдениетаралық өзара түсіністікті бірлесе нығайтуға және тұрақты даму әрекеттеріне үлес қосуға жақсы мүмкіндіктер береді. Сондықтан мен ЮНЕСКО клубтарының Дүниежүзілік және Қазақстандық федерацияларын және Қазақстанның Тұрақты өкілдігін осы тамаша көрмені ұйымдастыру жөніндегі бастаманы іске асырумен құттықтауға қуаныштымын», - деп қорытындылады ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Эдуард Матоко.

Ашылу салтанатының қонақтарының алдында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының құрамындағы «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің солистері Бауыржан Бекмұхамбетов пен Мақсат Медеубек және «Бірлік» би ұжымының  жетекшісі Әнел Марабаева өз өнерлерін көрсетіп, жарқын әсерлер сыйлады.

Іс-шараға ЮНЕСКО жанындағы мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдіктері, ұйымның хатшылығы және жобаның финалистері мен жеңімпаздарының жан-жақты дарындарын бағалау мүмкіндігіне ие болған басқа да қонақтар қатысты. Көрме халықаралық ұйымның бас пәтерінде 2024 жылдың 18 қарашасына дейін жалғасады.

«The Planet of Art 2024» халықаралық жастар фестивалін ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясы, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Білім министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және Алматыдағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесі қолдады.