Қазақстанның Тұрақты өкілдігі ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің 220-шы сессиясына қатысты

Қазақстанның Тұрақты өкілдігі ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің 220-шы сессиясына қатысты

Париж,  2024 ж. 24 қазан – Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі 2024 жылғы 9–23 қазан аралығында ұйымның штаб-пәтерінде өткен ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің 220-шы сессиясының жұмысына қатысты.

Сессияда білім, ғылым, мәдениет, ақпарат және коммуникация саласындағы жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Мәдени мұраны қорғау, гендерлік теңдікті ілгерілету, инклюзивті және сапалы білім беруді қамтамасыз етуді қоса алғанда, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды.

Атқарушы кеңес отырысында Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов ғылыми зерттеулерді, білім беру бағдарламаларын интеграциялауға және экологиялық саясатты әзірлеуге бағытталған Алматы қаласындағы Ұйым қамқорлығындағы екінші санаттағы институты болып табылатын Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы жұмысының маңыздылығын атап өтті.

«Орталық Азия мұздықтары миллиондаған адамдарды сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, бірақ олар климаттың өзгеруіне байланысты тез төмендейді. Қазақстан мен Ұйым арасындағы көпжылдық және жемісті ынтымақтастықтың нәтижесі ретінде ЮНЕСКО қамқорлығымен болып табылатын өңірлік гляциологиялық орталық осы қауіпке жауаптар іздеу мақсатында құрылған», – деп атап өтті Тұрақты өкіл.

Осы тұрғыда ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесі ұйымның хатшылығына 2025 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының мандатын ұзарту үшін барлық қажетті рәсімдерді аяқтауды және ол үшін Қазақстан Республикасымен тиісті келісімге қол қоюды тапсыруды ұйғарды.

Сессия шеңберінде Қазақстан сондай-ақ Атқарушы кеңестің әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және барлығына қауіпсіз спортты ілгерілету, ЮНЕСКО-ның жасанды интеллект саласындағы бастамалары арқылы Орнықты даму мақсаттары бойынша прогресті нығайту, сөз бостандығы мен ақпарат алу құқығын қорғау мақсатында қасақана жалған ақпарат таратуға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша бірқатар шешімдерінің тең авторы болды.