Қазақстан Республикасы Сенатының Төрағасы мүгедектігі бар адамдарды спорт арқылы біріктіру мәселелері бойынша ЮНЕСКО-дағы конференцияда сөз сөйледі

Қазақстан Республикасы Сенатының Төрағасы мүгедектігі бар адамдарды спорт арқылы біріктіру мәселелері бойынша ЮНЕСКО-дағы конференцияда сөз сөйледі

Париж, 2024 жылғы 28 тамыз – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Қазақстанның бочча Федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен «Мүгедектерді біріктіру мәселелері бойынша халықаралық форум: параспорттың түрлендіруші әсерін пайдалану» тақырыбындағы конференцияға қатысты. Іс-шара 2024 жылғы Паралимпиада ойындарының алдында ұйымдастырылды.

Конференцияда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш (жазбаша үндеуі тыңдалды), ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле және Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс секілді маңызды халықаралық тұлғалар сөз сөйледі. Сондай-ақ, іс-шараға спортты дамытуға жауапты 20-ға жуық министр, танымал параатлеттер мен параспорт қозғалысының қайраткерлері қатысты.

Өз сөзінде М. Әшімбаев конференцияға қатысушыларды қарсы алып, Паралимпиада ойындарының алдында осындай маңызды форумды ұйымдастырғаны үшін ЮНЕСКО басшылығына алғысын білдірді. Ол осындай бастамалардың ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдауда және қоғамда инклюзия мәдениетін ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Сенат Төрағасы инклюзия және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау мәселелері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен реформалардың басым бағыттары екенін атап өтті. Ол сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Fit for Life бастамасына қолдау білдірді. Осы орайда Алматыдағы ЮНЕСКО-ның аймақтық бюросының Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшылығымен ынтымақтастығын атап өткен жөн.

Конференция аясында Сенат Төрағасы ЮНЕСКО Бас директоры және Халықаралық паралимпиада комитетінің президентімен екіжақты кездесулер өткізді.

О. Азулемен әңгіме барысында ол әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі тұжырымдамасын қысқаша таныстырып, ЮНЕСКО-ның аталған шараға қатысу тарихын атап өтті. О. Азуле ұйымның осы шараға одан әрі қатысуға және ынтымақтастықты жалғастыруға қызығушылық білдірді.

Э. Парсонспен кездесуде тараптар паралимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы пікір алмасты. Сенат Төрағасының сұхбаттасы Қазақстанда параспортты дамытуға одан әрі қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Іс-шараның қорытындысы бойынша М. Әшімбаев Қазақстанның ЮНЕСКО және Халықаралық паралимпиада комитетімен инклюзияны ілгерілету және параспортты дамыту бойынша ынтымақтастықты белсенді түрде жалғастыруға дайын екенін растады.