
Париж, 2024 ж. 20 маусым – Париждегі Қазақстанның халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) бас пәтерінде Халықаралық көлік форумының (ХКФ) жыл сайынғы күні аясында баяндама жасады.
Іс-шарада ЭЫДҰ-ға мүше және серіктес мемлекеттердің елшілері, екі ұйым басшылығы және сарапшылардың қатысуымен жаһандық көлік жүйесін дамытудың, халықаралық тасымалдың «қатты» және «жұмсақ» инфрақұрылымын кеңейтудің, көлік саласын цифрландыру мен көмірсіздендірудің өзекті мәселелері талқыланды.
ХКФ Бас хатшысы Ким Юн Тхэ өз сөзінде жаһандық және өңірлік көлік желілерін дамыту үшін сұранысқа ие зерттеулер мен саяси ұсынымдар дайындауда осы ұйым алаңындағы көпжақты күш-жігерге назар тартты.
Өз кезегінде ЭЫДҰ Бас хатшысы Матиас Корманн екі ұйым сарапшыларының инфрақұрылымдық дамуды және көлік секторына инвестицияларды жоспарлауға, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын қолданудың кеңеюін ескере отырып, көлік инфрақұрылымының табиғи апаттар мен басқа да қауіп-қатерлерге төзімділігін нығайтуға бағытталған тәсілдерді әзірлеу жөніндегі тығыз ықпалдастығын атап өтті.
«Азиядағы тұрақты инфрақұрылым бағдарламасы» (SIPA) шеңберінде ЭЫДҰ мен ХТФ Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне экономиканы көмірсіздендіру мақсатындағы күш-жігерін ілгерілетуге көмектесу үшін бірлесіп жұмыс істеуде. Бұл ретте оның аясында энергетика, өнеркәсіп және көлік секторларындағы инфрақұрылымдық инвестициялардың шығарындыларды неғұрлым аз жарататын, климат жөніндегі Париж келісімімен ұйқасатын орнықты жобаларға бағыттау қолдау табады», – деп атап өтті М. Корманн.
«Дағдарыс жағдайындағы көліктік өзара байланыс» сессиясында сөз сөйлеген Елші А. Абдрахманов кездесуге қатысушыларды елімізде көлік инфрақұрылымы мен халықаралық жүк тасымалын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралардан хабардар етті.
Қазақстанның барлық көршілес мемлекеттермен көліктік ынтымақтастықты дамыту және дәстүрлі, сондай-ақ бұрын аз дамыған бағыттардың әлеуетін пайдалануға арналған іс-әрекетіне назар тартылды.
Атап айтқанда, Қазақстан мен ҚХР шекарасынан «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші темір жол құрылысының басталуы, Ақтау мен Құрық теңіз порттарында контейнерлік хаб және түбін тереңдету, Өзбекстан, Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағы мен Үнді мұхитына шығатын «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржолының, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс бөлігінің қалыпты жұмысы атап өтілді.
«Орта дәліз» атауымен танымал Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) жұмысына және оның соңғы жылдардағы көрсеткіштерінің өсу статистикасына ерекше назар аударылды. Жақында мүдделі мемлекеттердің «Орта дәліз» бойынша жүктерді тасымалдаудың бірыңғай операторы болуға арналған бірлескен кәсіпорын және Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ мемлекеттерінің және Еуропалық одақтың қатысуымен ТХКБ-ның үйлестіру платформасын құрғаны айтылды.
«Ағымдағы геосаяси жағдай Қазақстан мен өңірдің басқа да елдері үшін жаңа экономикалық және логистикалық сын-қатерлер туғызады, оларға жауаптарды көршілерімізбен және халықаралық әріптестерімізбен тығыз ынтымақтастықта тауып келеміз», – деп атап өтті отандық дипломаты.
Іс-шара сессияларында жаһандық және өңірлік деңгейлерде көлік саласын орнықты дамытудың өзекті мәселелерін шешуде, осы салада тиімді саяси ұсынымдар әзірлеуде және сапалы халықаралық стандарттарды әзірлеуде ХКФ рөлін одан әрі күшейтуде, көлікті одан әрі көмірсіздендіру және цифрландыру, әсіресе теңізге тікелей шықпайтын мемлекеттердің халықаралық транзиттік әлеуетін нығайту және іске асыру жөнінде шаралар қабылдауда мазмұнды пікірталастар мен тәжірибе алмасулар орын алды.
Анықтама: Халықаралық көлік форумы (ХКФ) – кеңсесі Париждегі ЭЫДҰ штаб-пәтерінде орналасқан үкіметаралық ұйым. Экономикалық өсудегі, экологиялық тұрақтылықтағы және қоғамдық бірігудегі көлік саласының рөлін дамыту және арттыру, сондай-ақ көлік саясатына қоғамның назарын аударту мақсатындағы талдау орталығы ретінде әрекет етеді, жыл сайын көлік министрлерінің саммитін ұйымдастырады. Оның құрамына бүгінде 69 мемлекет кіреді. Қазақстан 2017 ж. бастап ХКФ мүшесі болып табылады.