Париж, 2024 жылғы 14 мамыр – Дүниежүзілік метрология күні қарсаңында бұл ғылымның жаһандық рөлін Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты Өкілдігі, ЮНЕСКО хатшылығы, Халықаралық салмақ өлшеу бюросы және Халықаралық заңнамалық метрология ұйымы бірлесе ұйымдастырған «Орнықты ертең үшін бүгінде өлшеу» конференциясында талқыланды.
Бұған дейін хабарланғандай, 2023 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының бастамасымен және Ұйымға мүше 43 өзге де мемлекеттің қолдауымен қабылданған қарарымен ЮНЕСКО Бас конференциясы метрологтардың кәсіби мерекесін бірауыздан БҰҰ жүйесінің халықаралық күндер тізіміне қосты.
«Дүниежүзілік метрология күнінің жаңа жоғары мәртебесі біздің күнделікті өмірімізде атқаратын бұл ғылымның жиі көзге түсе бермейтін рөлін түсінуді нығайтуды көздейді», – деп атап өтті конференцияның ашылуында ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов. Дипломаттың айтуынша, «ел экономикасының халықаралық ынтымақтастыққа сапалы қатысуының факторларының бірі ұлттық метрология жүйесін қалыптасқан жаһандық тетіктерге интеграциялау болып табылады. Метрология бойынша халықаралық ұйымдардың жұмысына белсенді қатыса отырып, осы саланың қазақ мамандары елдің дамуына және отандастарының өмір сүру сапасын арттыруға құнды үлес қосып келуде».
Конференция қарсаңында ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле Дүниежүзілік метрология күніне арналған арнайы мәлімдеме жария етті.
Оның айтуынша, «дәл өлшеулер өте маңызды: олар біздің әлемді бірдей түсінуімізге жол ашады. Атап айтқанда, бұл климаттың тұрақсыздануымен күресудің орталық құрамдас бөлігі: олар жаһандық температураны, жылыжай газдар шығарындыларының көлемін және теңіз деңгейін өлшеу және осы құбылыстардың өзара әрекеттесуін және олардың әсерін азайту мүмкіндіктерін анықтау үшін қажет. Сондықтан биылғы салтанатты іс-шаралардың тақырыбы орнықты даму болды».
«Біріккен Ұлттар Ұйымының жетекші ғылыми мекемесі болып табылатын ЮНЕСКО-да метрология бүкіл жұмысымыздың негізінде жатыр. ЮНЕСКО-ның теңіз түбін картаға түсіру және Анд тауларындағы мен Орталық Азиядағы мұздықтардың еру көлемін бағалау жөніндегі екі флагмандық бастамасы бойынша жұмыста бізге нақты өлшемдер өте қажет, өйткені олар ғылыми жаңалықтарға, технологиялық инновацияларға және орнықты дамуға ықпал ететін қуатты құралдар болып табылады», - дейді О. Азуле.
«Дүниежүзілік метрология күнін атап өткенде оның қуат үнемдеуден денсаулық сақтауға, сауданы ілгерілетуден қоршаған ортаны қорғауға дейінгі әртүрлі салалардағы даму перспективалары туралы ойланайық. Келесі буынды, әсіресе қыздарды өздеріне метрология саласында мамандық таңдауға ынталандырайық, өйткені бұл ғылымды, технологияны және шығармашылықты нақты мәселелерді шешу үшін біріктіретін жол», – деп санайды ЮНЕСКО Бас директоры.
ЮНЕСКО Хатшылығының Ғылым саясаты және іргелі ғылымдар бөлімінің басшысы Ху Шаофенг өз сөзінде «дәл және халықаралық деңгейде танылған өлшемдер экономикалық өсу, технологиялық инновациялар және ғылыми прогресс үшін өте маңызды», - деп атап өтті.
«Метрология кейде «артқы қатарда» жұмыс істейді, бірақ оның әсері шынымен да зор. Ол орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Дәл өлшеу ауаның сапасын, судың тазалығын, жылыжай газдарының шығуын бақылау үшін өте маңызды. Метрология дәрігерлерді қан қысымын бақылаушылардан магнитті-резонанстық томография аппараттарына дейін сенімді құралдармен, дәл диагностика мен тиімді емдеуді қамтамасыз етеді. Стандартты өлшемдер әділ сауданың да негізі болып табылады», - деп атап өтті ол.
«Дүниежүзілік метрология күнін ЮНЕСКО күнтізбесіндегі мереке ретінде бірінші рет атап өту оның жаһандық маңыздылығын растайды. Бұл күн біздің дәл өлшеуге деген құштарлығымызды арттырсын», - деп қосты Ху Шаофенг.
Халықаралық салмақ және өлшем бюросының директоры Мартин Милтон Қазақстан мен ЮНЕСКО-ға мүше басқа мемлекеттерге Дүниежүзілік метрология күнін қолдағаны үшін алғысын білдірді. «2025 жылғы 20 мамырда біз метрикалық Конвенцияның 150-жылдығын атап өтеміз және сол кезден бастап біздің тарихымыз бен ғылыми жетістіктерімізге құрмет көрсетеміз, бұл халықаралық ұйымдар арқылы ғылыми дипломатия моделі болашақта қандай жолдармен дами алатынын талқылауды ынталандырады», - деп атап өтті ол.
Конференцияға қатысушылар ЮНЕСКО көмегімен нақты және жаратылыстану ғылымдарын дәріптеу мақсатында сапалы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар түрлі елдерде Дүниежүзілік метрология күнін мерекелеуге арналған ақпараттық материалдар көрмесімен танысты.
Дүниежүзілік метрология күні жыл сайын 20 мамырда 1875 жылы Парижде Метр конвенциясының қабылданғанына құрмет көрсету ретінде атап өтіледі. Бұл құжат әртүрлі елдерде метрологиялық стандарттардың бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған және әлемдегі қолданыстағы ең ескі көпжақты халықаралық шарттардың бірі болып табылады.