
Париж, 2024 жылғы 30 сәуір – Қазақстан Республикасының Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Даму орталығының директоры Рагнхейдур Арнадоттирмен кездесті.
Әңгіме барысында тараптар Қазақстанның ЭЫДҰ осы бөлімшесі дайындайтын Әлеуметтік институттар мен гендердің индексіне (SIGI) қатысуы, сондай-ақ Табиғи ресурстарды пайдалануға негізделген даму жөніндегі саяси диалог жұмысына қатысу мәселелерін талқылады. Соңғысы аясында Қазақстанды қосқанда Орталыққа қатысушы елдер өнеркәсіпті көмірсіздендіру және әділ энергетикалық көшу жөніндегі шараларды талқылауда.
Тұрақты өкіл жақында Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ұлттық заңнамаға қол қойған түзетулері, атап айтқанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу, балаларға қатысты қылмыстың барлық үлгілері үшін жазаны қатаңдату және осы бағыттағы алдын алу шараларының кешені туралы бөлек ақпарат ұсынды.
SIGI-2023 индексіндегі ерлер мен әйелдердің теңдігі бойынша Қазақстанның көрсеткіштері әлемнің көптеген елдеріндегіндей болғанына қарамастан, әйелдердің зорлық-зомбылықтан қауіпсіздігі көрсеткіші бойынша айтарлықтай нашар болғаны атап өтілді. Қабылданған заңнамалық шаралар осы саладағы құқық бұзушылықтар мен әйелдердің құқықтарын кемсітуге қарсы тұруға және қатаң жазалауға арналған.
ЭЫДҰ Даму орталығының директоры Қазақстанда әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі жаңа нақты шараларды құптап, олардың озық халықаралық стандарттарға сәйкес қоғамның одан әрі дамуына ықпал ететінін атап өтті.
Соңында тараптар өзара іс-қимылдың жоғарыда аталған салалары бойынша тұрақты диалогты жалғастыруға уағдаласты.
Қазақстан 2015 ж. бастап ЭЫДҰ Даму орталығының толыққанды мүшесі болып табылады. 1961 ж. құрылған бұл орган 54 елді біріктіреді және ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттер мен дамушы елдер арасында тең шарттарда білім алмасу мен саяси диалог үшін тәуелсіз платформа ретінде қызмет етеді. SIGI – Social Institutions & Gender Index – әйелдерге қатысты кемсітушілік деңгейін бағалайтын және әлемнің 179 еліндегі гендерлік теңсіздіктің негізгі факторларын анықтайтын индексі болып табылады.