
Париж, 2024 жылғы 25 сәуір – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің және Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдіктің қызметкерлері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Мемлекеттік басқару комитетінің 69-шы отырысына қатысты.
Отырыс барысында Комитетке қатысушы елдердің өкілдері азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланған мемлекеттік басқаруды дамыту, мемлекеттік қызметтер саласындағы инновациялар, мемлекеттік басқаруды жаңғырту шаралары мен тәжірибесі және басқа да мәселелерді қарады.
Қазақ делегаттары ЭЫДҰ-ға мүше және онымен серіктес мемлекеттердің өкілдерін отандық мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту тәжірибесімен, оның ішінде саяси жүйедегі реформалар, құзыреттерді орталықсыздандыру, электрондық қызметтерді дамыту және басқа да шаралармен таныстырды.
ЭЫДҰ өкілдері ұсынылған бастамаларды құптап, аталған бағыттарда қол жеткізілген прогресті атап өтті және мемлекеттік басқару жүйесін дамытуға одан әрі жәрдемдесуге дайындықтарын білдірді.
Қазақстан 2019 ж. бастап ЭЫДҰ Мемлекеттік басқару комитетінің толыққанды қатысушысы болып табылады. 1961 ж. құрылған, Комитеттің негізгі міндеті мемлекеттік сектор мекемелерінің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық сын-қатерлерге жауап беру тәсілі ретінде жүйелі өзгерістерге жәрдемдесу қабілетін нығайтатын, сол арқылы азаматтардың қажеттіліктері мен демократия институттарын нығайтуға бағдарлануды жетілдіретін дәлелді және инновациялық саясатты әзірлеу мен енгізуде Ұйымға мүше және онымен серіктестер мемлекеттерге қолдау көрсету болып табылады.