
Париж, 2024 жылғы 25 сәуір – ҚР Ғылым және жоғары білім Вице-министрі Дархан Ахмед-Заки экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттер мен серіктестер шақырылған ғылыми-технологиялық саясат жөніндегі министрлер конференциясында сөз сөйледі.
Өз сөзінде Д. Ахмед-Заки жиналғандарды ғылыми инновацияларды ілгерілету және оларды жүзеге асыру үшін ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруда, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен өндіріспен айналысатын компаниялар арасындағы өзара байланысты нығайту мақсатында елімізде жүргізіліп жатқан өзекті реформалар туралы хабардар етті.
Конференцияда сондай-ақ өзекті ғылыми зерттеулердің маңыздылығын қоғамның назарына тиімді жеткізу, «ашық ғылым» қағидаттары шеңберінде ғалымдар мен жұртшылықтың ғылыми деректерге еркін және әділ қол жеткізуін қамтамасыз ету, жасанды интеллект технологияларының заманауи ғылымының дамуына және жалғасып жатқан цифрлық және «жасыл» трансформацияларға, ғылымды, білім беруді, индустриялық және постиндустриалды экономиканың интеграциясы мәселелері талқыланды.
Конференцияда ЭЫДҰ Бас хатшысы Матиас Корман, ЭЫДҰ-ға мүше және онымен серіктес мемлекеттердің 40-тан астам министрлері мен вице-министрлері, БҰҰ, ЮНЕСКО, Еуропалық одақ, Еуропа Кеңесі, АСЕАН, Африка одағының өкілдері сөз сөйледі.
Конференция аясында Д. Ахмед-Заки басқа мемлекеттердің атынан қатысқан әріптестерімен және ЭЫДҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, ғылым мен жоғары білім саласындағы екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселелерін талқылады.
ЮНЕСКО Бас директорының жаратылыстану ғылымдары жөніндегі орынбасары Лидия Бритомен кездесуде ЮНЕСКО қамқоршылығымен екінші санаттағы институт ретінде Орталық Азиялық өңірлік гляциологиялық орталық туралы Келісімнің қолданысын ұзарту, отандық ғалымдардың Үкіметаралық гидрологиялық бағдарлама жұмысына қатысуы және ынтымақтастықтың бірқатар басқа да мәселелері талқыланды.
Сапар Қазақстанның ЮНЕСКО және Париждегі басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Қазақстан 2017 жылдан бастап ЭЫДҰ ғылыми-технологиялық саясат комитетінің толыққанды қатысушысы болып табылады. 1972 ж. құрылған комитеттің негізгі міндеті экономикалық өсу мен жұмыс орындарын құруды, тұрақты дамуды, азаматтардың әл-ауқатын арттыруды және білім шекараларын кеңейтуді қоса алғанда, маңызды экономикалық, әлеуметтік және ғылыми мақсаттарға қол жеткізу үшін ЭЫДҰ мүшелері мен оның серіктестері арасындағы ғылым, технология және инновация саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету болып табылады. Комитет жұмысында ғылыми-техникалық және инновациялық саясатты білімге негізделген жаһандық экономиканы дамыту жағдайында мемлекеттік саясаттың өзше де тұстарымен біріктіруге ерекше назар аударылады.