
Париж, 2024 жылғы 18 сәуір – Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры Әлия Мұстафина Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ЮНЕСКО-ның және Халықаралық архивтер кеңесінің бас пәтерлерінде 2024 ж. 1–4 қазанға жоспарланған Қазақстан архившілерінің II конгресін өткізу бойынша халықаралық ұйымдардың атсалысуы жөнінде келіссөздер жүргізді.
ЮНЕСКО Бас директорының Ақпарат және коммуникациялар жөніндегі орынбасары Тауфик Джелассимен кездесу барысында ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы, деректі мұраны цифрландыру және цифрлық мұраны сақтау жолдары бойынша пікір алмасты. Ә. Мұстафина Ұйым хатшылығына «Мұра институттары қоғамды орнықты дамыту жолында» тақырыбындағы алдағы конгресс жұмысына қатысуға шақыруды табыс етті.
Халықаралық архивтер кеңесінің (ХАК) Атқарушы директоры Карлос Васкезбен кездесуде тараптар 2022 ж. Қазақстан архившілерінің бірінші конгресін өткізудегі өзара іс-қимылдың оң тәжірибесін атап өтіп, оның екінші басқосуына мазмұндық дайындық барысын талқылады. Сондай-ақ, архив қызметкерлерінің біліктілігін арттырудағы ынтымақтастық және ҚР Президентінің Архивін ХАК-тың жобалық қызметіне тарту мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, Ә. Мұстафина Францияның Ұлттық архивінің басшылығымен кездесіп, әлемдегі ең көне және ірі архив мекемелерінің бірінде жұмысты ұйымдастырумен танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар архив ісін дамыту мақсатында тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.