Астана халықаралық форумының күн тәртібін ЭЫДҰ штаб-пәтерінде қарастырды

Астана халықаралық форумының күн тәртібін ЭЫДҰ штаб-пәтерінде қарастырды

Париж, 2024 жылғы 5 сәуір – Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Бас хатшысының орынбасары Фабриция Лапекорелламен кездесті.

Тараптар қазіргі ынтымақтастық пен жоспарларды, Ұйымның салықтық әкімшілендіру, статистикалық жүйе саласындағы ұсынымдарын іске асыру барысының өзекті мәселелерін және қазақстандық тараптың ЭЫДҰ жұмыс органдарына қатысуын талқылады.

Ф. Лапекорелла Қазақстанның жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға қосып келе жатқан елеулі үлесінің маңыздылығын атап өтіп, ЭЫДҰ-ның 2024 жылғы 13-14 маусымда өтетін Астана халықаралық форумының бірқатар сессияларына өз делегациясының белсенді қатысу ниетін растады.

Өз кезегінде А. Абдрахманов қазақстандық бастамаларды қолдағаны үшін алғысын білдіріп, ЭЫДҰ басшылығын елімізде саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда жүргізіліп жатқан реформалармен таныстырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша жақын және нәтижелі өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.