Қазақстанның Тұрақты өкілі Орнықты даму мақсаттары бойынша ЭЫДҰ іс-шарасында баяндама жасады

Қазақстанның Тұрақты өкілі Орнықты даму мақсаттары бойынша ЭЫДҰ іс-шарасында баяндама жасады

Париж, 2024 жылғы 21 наурыз – Қазақстанның Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов 2030 жылға дейін орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу мәселелері бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) жоғары деңгейдегі тұрақты диалогының отырысына қатысты.

Биыл ЭЫДҰ-ға мүше және оның  сәріктес мемлекеттердің қатысуымен осы тақырыпты талқылау дамыған және дамушы елдердің кедейлікті жою, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және орнықты даму мүддесіндегі әріптестік сияқты ОДМ-ға қол жеткізу жолдары төңірегінде шоғырланды.

ЭЫДҰ Бас хатшысы Матиас Корман өз сөзінде экономикалық сын-қатерлерге қарсы күрес, климаттық күн тәртібі мен орнықты даму мәселелері арасындағы тығыз байланысын атап өтті. Ол мүше мемлекеттер мен ұйымның серіктестерін ОДМ-ға қол жеткізу бойынша үдемелі жұмысты жақсарту үшін практикалық ұсыныстарды бірлесіп әзірлеуге шақырды.

Тұрақты өкіл А. Абдрахманов қатарлас тақырыптық сессиялар барысында отырысқа қатысушыларды Қазақстанда климаттық көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі шаралар туралы хабардар етті және экономикалардың көміртегі бейтараптығына әділ көшуі үшін қаржыландыруды қамтамасыз етудегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

ОДМ бойынша тұрақты диалогқа қатысушылар ЭЫДҰ ұсынымдарын сапалы сараптамалық қолдаудың қажеттілігін және практикалық маңыздылығын атап өтіп, осы бағытта бірлескен жұмысты белсенді жалғастыруға уағдалысты.