
Париж, 2024 ж. 23 ақпан – 2024 жылғы 19-22 ақпан аралығында Париждегі Ұйымның штаб-пәтерінде өткен ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар жөніндегі Халықаралық консультативтік комитетінің (ХКК) 30-сессиясына ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы (MAB) жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық комитетінің төрағасы, ҚР ҒЖБМ Зоология институтының Бас директоры Роман Ященко қатысты.
ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле алғаш рет танымал отандық ғалымды осы беделді сараптамалық органның мүшесі етіп 2019 жылдың желтоқсанында тағайындады және жақында өз шешімімен мандатын келесі төрт жылға ұзартты. Бұл оның планетамыздың биологиялық әртүрлілігін қорғау саласындағы халықаралық қауымдастығындағы жоғары беделін растайды.
ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар жөніндегі ХКК 12 мүшеден тұрады және Ұйымға мүше мемлекеттер кіретін «Адам және биосфера» бағдарламасының Халықаралық консультативтік кеңесі мен Бас директорға ЮНЕСКО дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қатысты мәселелер жөніндегі кеңес беретін негізгі ғылыми-техникалық орган болып табылады.
Биосфералық резерваттар – биологиялық әртүрлілікті қорғаумен бірге ресурстарды кешенді орнықты басқару тәсілдерін тексеру және көрсету үшін таңдалған аумақтар. ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер өздерінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтары мен нысандарын тиісті дүниежүзілік желіге ұсына алады. Оларды қосу туралы шешімдерді ХКК сарапшыларының ұсыныстарына сүйене отырып, Халықаралық консультативтік кеңес қабылдайды. Бүгінгі таңда Қазақстандағы ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының ұлттық желісінде 15 нысан бар, бұл біздің өңірдегі ең жоғары көрсеткіш болып табылады.