Қазақстан Халықаралық энергетикалық агенттікте COP-28-ден кейінгі келесі қадамдар жөніндегі дөңгелек үстелге қатысты

Қазақстан Халықаралық энергетикалық агенттікте COP-28-ден кейінгі келесі қадамдар жөніндегі дөңгелек үстелге қатысты

Париж, 2024 ж. 21 ақпан – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова Халықаралық энергетикалық агенттікте (ХЭА) ұйымдастырылған COP-28-ден кейінгі іс-қимылдарды талқылау бойынша жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелге қатысты.

Іс-шарада өткен жылғы желтоқсан Дубайда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясының 28-ші сессиясында (COP-28) қойылған негізгі мақсаттарға қол жеткізу үшін Париж келісімінің тараптары болып табылатын мемлекеттердің бірлескен іс-қимылының өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, пікір алмасу энергетика және климат саласындағы аса маңызды келісім – «БАӘ Пәтуасы» жайында болып, ол 2030 жылға дейінгі кезеңге қазба отындарынан көшуді жеделдету, жаңартылатын энергия көздерінің қуатын үш есе арттыру, энергия тиімділігі саласындағы прогресті екі есе арттыру және метан шығарындыларын айтарлықтай азайту жөніндегі жаңа жаһандық мақсаттарды айқындады.

З. Сүлейменова өз сөзінде қатысушыларды декарбонизация, шығарындыларды азайту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және басқа да салалардағы Париж келісімін іске асыру бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы шеңберінде іске асырылып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Іс-шара аясында ҚР Президентінің Арнаулы өкілі ХЭА Атқарушы директоры Фатих Биролмен кездесті, оның барысында тараптар өзара тиімді әріптестікті дамытудың перспективалық бағыттарын талқылады. З. Сүлейменова 2026 жылы Орталық Азияда Өңірлік климаттық саммит өткізу тұжырымдамасы мен климаттың өзгеруі туралы БҰҰ негіздемелік конвенциясын іске асыруға Қазақстанның Ұлттық үлесі туралы хабардар етті. Өз кезегінде, сұхбаттасы оған дөңгелек үстелде мазмұнды сөз сөйлегені үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның осы саладағы өзекті бастамаларын қолдады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ҚР мен ХЭА арасындағы бірлескен іс-қимыл салаларын кеңейтуге және байланысты жалғастырып тұруға уағдаласты.

Сонымен қатар, іс-шара алаңында З. Сүлейменова АҚШ Президентінің климат жөніндегі арнайы өкілі Джон Керримен, Еуропалық комиссиядағы Энергетика жөніндегі бас директор Дитта Юл-Йоргенсонмен кездесті. Дөңгелек үстелге сондай-ақ COP-28 президенті Сұлтан Әл-Жабер, COP-21 Президенті және Францияның бұрынғы Премьер-министрі Лоран Фабиус, Данияның Ынтымақтастық және жаһандық климат күн тәртібі жөніндегі министрі Дан Йоргенсон, Еуропа, Азия, Африка, Таяу Шығыс, Латын және Солтүстік Америка елдерінің бірқатар мемлекеттерінің климаттық саясат бойынша арнайы өкілдері, халықаралық ұйымдар мен энергетика саласының ірі компанияларының басшылары қатысты.

Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Тұрақты өкілдігінің қолдауымен З. Сүлейменованың ЭЫДҰ Қоршаған орта директоратының басшысы Джо Тиндолмен кездесуі өтті. Тараптар экологиялық саясат саласындағы өзара іс-қимылдың жағымды тәжірибесін атап өтті, Ұйымның IFCMA, GATF, SIPA және Қазақстан қатысатын басқа да бірқатар бастамалары бойынша пікір алмасты, сондай-ақ Орталық Азиядағы Өңірлік климаттық саммит тұжырымдамасын талқылады. Сұхбаттастар ағымдағы жобалар бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға және Астананың су ресурстары, климаттық өзгерістер, жер және басқа да өзекті салалардағы ЭЫДҰ-ның түрлі жобаларына қосылу мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Сонымен бірге, З. Сүлейменова ЭЫДҰ-ның Экологиялық және экономикалық саясатты интеграциялау жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты, онда климаттық-экономикалық модельдеу, көлікті «экологияландыру», ЭЫДҰ елдерінің ауаның ластануына қарсы күрес тәжірибесі және басқа да мәселелер қаралды.

Сонымен қатар, ЮНЕСКО бас пәтерінде ҚР Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілінің Ұйымның Бас директорының орынбасары Лидия Бритомен кездесуі өткізілді, оның барысында Қазақстанның ЮНЕСКО-мен мұздықтарды сақтау және жас ғалымдарды қолдау, сондай-ақ 2024 ж. қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында One Water Summit өткізуге дайындық контексіндегі су мәселелері бойынша өзара пайдалы талқылаулар өткізілді.