
2020 ж. 20 ақпанда Елші Ж.Әділбаев Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының мүшесі, Моңғолияның Жолдар және көлікті дамыту министрі Б.Энх-Амгаланмен кездесті. Екі мемлекеттің арасында әуе қатынасы, тас жол мен темір жол салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты тереңдету мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Атап айтқанда, «Алматы-Өлгий» бағытындағы халықаралық жолаушыларды тасымалдауды қайта қалпына келтіру, «Ұлан-Батыр - Алматы» бағытындағы әуе қатынасын ашуды жеделдету, қазақстандық темір жол саласындағы өнімдер мен майлау материалдарын Моңғолияның ішкі нарығына енгізу, екі елдің арасындағы жүк әуе тасымалын іске қосу мәселелері талқыланды.
Моңғол тарапына 2019 ж. 1 қарашадан бастап Қазақстанның 11 қаласының әуежайларында «ашық аспан» тәртібі енгізілгені екі елдің жүк тасымалы нарығын дамыту, транзиттік әлеуетті арттыру, туризмді дамытуға септігін тигізетіні айтылды.
Сонымен бірге, тараптар Қазақстан мен Моңғолияның арасындағы ең қысқа автокөлік жолын келешекте кеңінен пайдалану мәселесі жөнінде пікір алмасты.
