
Ұлан-Батыр қаласы,
19 наурыз 2021 жыл
Наурыз мейрамымен құттықтау
Құрметті қандастар!
Сіздерді Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Біздің халқымыз үшін қасиетті Наурыз мейрамы күн мен түннің теңеліп, табиғаттың қайта жаңғыратын ерекше сәтінде қазақ халқының ұлылығын дәріптей түсетін Ұлыстың ұлы күні!
Бұл күні Әз Наурыз мейрамы тойланып, шығыс халықтарының Жаңа жылы басталады. Ата-бабаларымыз айтпақшы, бұл – ақ түйенің қарны жарылған күн, ырысты, ынтымақты ұлы той күні.
Біздің бұл мерекеміз – қазақ халқының тарихындағы үлкен мереке болып табылады. Ұлтымыздың тарихында ғасырлар бойы тойланып, жылдан-жылға жалғасып келе жатқан Наурыз мейрамы әр адамның жаңа бастамасының жүзеге асуына үміт пен сенім ұялатады.
Наурыз – бұл көктемнің келу мерекесі ғана емес, өмірдің негізі – мәңгі жаңару және мәңгі жақсылыққа сену екендігінің дәлелі.
Әлем тарихында көп мемлекеттер бұл күнді жаңа жыл деп санайды. Біздің тарихымызда бірнеше жүз жылдан бұрын аталып, көктемнің алғашқы күнінде ағайындар бір-бірімен қауышып, қыстан аман-есен шығып, туысқандар бір-бірін көріп, барлық орын алған жаманшылықтарды кешіріп, наурыз көже үлестіріп жататын төл мейрамымыз.
«Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!» деп тілек білдіретін достық пен ынтымақ мерекесі көшбасшылық мерейімізді асқақтата түссін.
Наурыз мейрамы құтты болсын! Ақ мол болсын!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасының
Моңғолиядағы
Төтенше және Өкілетті Елшісі
Жалғас Әділбаев