«Ақсақалдар алқасының» алғашқы кездесуі өтті

«Ақсақалдар алқасының» алғашқы кездесуі өтті

2021 жылы 17 наурызда Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің бастамасымен Ұлан-Батырда «Ақсақалдар алқасының» алғашқы кездесуі өтті. Бұл кездесуге Моңғолиядағы қазақ диаспорасының көрнекті саясаткерлері, қоғам қайраткерлері және ғалымдары, атап айтқанда С.Тәукеұлы, Ә.Тілейхан, Ч.Гүлнар, А.Бәкей, Т.Етекбай және Х.Володя қатысты.

Кездесу барысында Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ж.Әділбаев еліміздің қазіргі басшылығының жүргізіп отырған саяси бағыты аясында Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер жөнінде қысқаша мағлұмат берді. Сонымен қатар, Қазақстанда прагматизм, сапа, әмбебаптық, жүйелілік пен кезеңдік тәсілдеріне негізделген жаңа саяси-әкімшілік реформалар іске асырылуда екені айтылды.

Қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Үкіметі өз жұмысын билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалогқа және олардың өзара тиімді кері байланыс орнатуға бағытталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жүргізетінін атап өтті.

Ж.Әділбаев елімізде этникалық қазақтарды тарихи отанына қоныстандыру мәселесі бойынша кезеңді саясат жүргізілуде екеніне назар аудара отырып, 2021 жылға арналған қандастарды қабылдаудың аймақтық квотасын көбейту туралы тиісті шешім шыққанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, этникалық қазақтарға қатысты Қазақстан Республикасының көші-қон саясаты, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу және одан шығу, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қандастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және оларды кәсіпкерлікке тарту мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасылды. Қазақстандық тараптан бөлінетін оқу гранттарын жүйелеу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Бұған қоса, кездесуге қатысушылар 2021 жылы 10 наурызда Баян-Өлгий аймағын дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес құрылғанын, оның төрағасы А.Тілейхан болып тағайындалғанын жеткізді. Бұл кеңес аталған аймақты дамытудың стратегиялық бағдарламаларын жасауға белсенді қатысатын және оның мүдделерін алға тарту мақсатында жергілікті билік органдарымен өзара әрекеттесетін болады.

Бұдан басқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бірлескен мәдени іс-шараларды өткізу мүмкіндіктері туралы сындарлы пікір алмасу болды.

Кездесу соңында Моңғолиядағы этникалық қазақтардың өзекті мәселелерін және оларды практикалық тұрғыдан шешу үшін тоқсан сайын «Ақсақалдар алқасының» кездесуін ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.