Моңғолиядағы қазақ диаспорасының өкілдерімен онлайн кездесу өткізілді

Моңғолиядағы қазақ диаспорасының өкілдерімен онлайн кездесу өткізілді

2021 жылғы 12 наурызда Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолиядағы қазақ диаспорасы өкілдерімен, атап айтқанда «Баян-Өлгий аймағының Ұлан-Батыр қаласындағы Жерлестер Алқасы» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Н.Тілейханмен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ресми өкілі О.Хабсатармен, сондай-ақ Қобды, Дархан аймақтары мен Шарынқұл, Эрдэнэт қалаларындағы «Жерлестер Алқасы» үкіметтік емес ұйымының мүшелерімен онлайн кездесу өткізді.

Бүгінгі таңда Моңғолияны 120 мыңнан астам этникалық қазақ мекендесе, оның негізгі бөлігі Баян-Өлгий аймағын, ал 40 мыңға жуық қазақ Қобды мен Дархан аймақтарында, сондай-ақ Ұлан-Батыр мен оның маңындағы аудандарды мекендейді.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі Ж.Әділбаев онлайн-кездесуге қатысушыларға Президент Қ.Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүргізіліп отырған саяси және экономикалық реформалар, қандастардың тарихи отанына ерікті түрде оралуға ынталандыру және елімізге көшіп келгеннен кейін оларға әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ қазақ диаспорасының жастарына жыл сайынғы білім гранттарын бөлу бойынша қабылданған мемлекеттік шаралар туралы қысқаша ақпарат берді.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат диаспора өкілдерін Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жетістіктерімен таныстыра отырып, осы айтулы мерекені атап өтуге байланысты жоспарланған іс-шаралар бойынша мағлұмат берді.

Сондай-ақ, елші COVID-19 пандемиясының салдарынан 2020 жыл барлық елдер мен халықтар үшін оңай жыл болмағанын, алайда шетелде тұратын қандастарға карантин кезеңінде Қазақстан аумағына еркін кіруге мүмкіндік берілгенін баса айтты.

Өз кезегінде қазақ диаспорасының өкілдері этникалық бірегейлікті сақтау, Қазақстанға оралу мүмкіндігі мен Моңғолияда Қазақ мәдени орталығын ашу мәселелерін көтерді.

2021 жылы Елшілік этникалық қазақтардың қатысуымен бірқатар іс-шаралар жоспарлағанын атап өтті.

Өз кезегінде диаспора мүшелері Елшілік тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға ризашылықтары мен алғыстарын білдірді.