
2021 жылы 9 наурызда Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев Баян-Өлгий аймағының әкімі Д.Бауыржанмен, Аймақ Маслихатының төрағасы Н.Бейбітханмен және Өлгий қаласының әкімі Д.Есболатпен кездесті.
Баян-Өлгий – Моңғолияның батысында орналасқан және негізінен этникалық қазақтар мекендейтін (100 мыңнан астам) 21 аймақтың бірі.
Кездесу басында Қазақстан Елшісі Ж.Әділбев кездесу қатысушыларына Президент Қ.Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүргізіліп отырған реформалар, атап айтқанда елдің саяси жүйесін жаңғырту, қоғамды демократияландыру және адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту жөнінде ақпарат беріп өтті.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат еліміздің тәуелсіздік жылдар ішінде этникалық қазақтардың тарихи отанына ерікті түрде оралуын ынталандыру саясатын жүргізуде екенін айта отырып, қандастарды қолдау мақсатында Қазақстан Үкіметі қабылдап жатқан іс-шаралар туралы қысқаша мағлұмат берді.
Өз кезегінде, Баян-Өлгий аймағының басшылығы Аймақ тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту үшін білім беру, медициналық көмек көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласында жүргізіліп отырған жұмыстар мен пысықталып жатқан бағдарламалар туралы мәлімет берді.
Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бірлескен мәдени іс-шаралар өткізу және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мүмкіндіктері туралы сындарлы пікір алмасу болды.