Қазақстан мен Моңғолия сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуда

Қазақстан мен Моңғолия  сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуда

2021 ж. 28 қаңтарда ҚР-ның Моңғолиядағы Елшісі Ж.Әділбаев Моңғолия үкіметінің Атқарушы агенттігі – Моңғолияның Ұлттық даму агенттігінің басшысы Х.Батжаргалмен кездесті. Екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері, екі мемлекеттің премьер-министрлері 2019 ж. 10-11 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойған келісімдер мен басқа да құжаттардың орындалу мәселелері бойынша пікір алмасылды.  

Атап айтқанда, биыл жоғары деңгейде өткізілетін өзара сапарлардың аясында Ұлан-Батырда қазақстандық тауар өндірушілерінің көрмесін ұйымдастыру, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен инвестициялық байланыстарды нығайту, «Invest Mongolia» платформасын кеңінен пайдалану, екі мемлекетте өткізілетін бизнес-форумдар мен халықаралық көрмелерге белсенді қатысудың мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар, тараптар Моңғолияның жүн және тері өнімдерін қайта өңдеу тәжірибесімен танысу, ет пен ет өнімдерін экспортқа шығару, мал шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп саласындағы өзара әрекеттестікті жандандыру, сондай-ақ «СТРАЖ» ғылыми-өндірістік компанияның жылу технологиясын, Қызылорда облысының күріш өнімдерін және басқа да ҚР өндірушілерінің тауарларын моңғол тұтынушыларына жеткізудің мүмкіндіктерін қарастырды.

Бұдан басқа, Елші Ж.Әділбаев моңғол тарапын 2021 ж. 15 қаңтарда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың VII шақырылымдағы Қазақстанның Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамының алдында сөйлеген сөзінің негізгі бағыттарын, ішкі саяси жүйедегі бірқатар жаңа бастамаларын, саяси реформалардың үшінші президенттік пакетімен, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің қарамағында құрылып жатқан «KazAID» халықаралық даму агенттігінің негізгі міндеттерімен таныстырды.