
Ұлан-Батыр, 2025 жылғы 29 тамыз – Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтакынов Моңғолияның Ұлы Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен кездесті.
Кездесудің басында Моңғолия Парламентінің Спикері қазақстандық дипломатты Ұланбатырдағы қызметінің басталуымен құттықтап, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған жауапты қызметінде табыс тіледі.
Әңгімелесу барысында тараптар парламентаралық өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен даму келешегін талқылап, оны екіжақты қатынастар кешенін нығайтудағы маңызды тетік екендігін атап өтті. Сондай-ақ, серіктестікті дәйекті дамыту үшін саяси диалогты жоғары деңгейде тұрақты қолдап отырудың маңызы ерекше екендігіне назар аударылды.
Сұхбаттасушылар ауыл шаруашылығы, көлік және инфрақұрылым, ғылым, білім, мәдениет және цифрлық технологиялар сияқты негізгі салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Ортақ жобалар мен бағдарламаларды іске асыру практикалық өзара іс-қимылды едәуір күшейтіп, оны жаңа мазмұнмен толықтыратыны атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар стратегиялық әріптестік қатынастарын тереңдетуге өзара дайын екендіктерін қуаттап, Қазақстан мен Моңғолияны ежелден достық пен өзара сенімге негізделген байланыстар тоғыстырғанын және олардың әрі қарай да өзара құрмет пен сындарлы ынтымақтастық рухында дамитындығын атап өтті.