
Ашғабат, 2024 жылғы 21 сәуір – Ашғабат қаласында консулдық мәселелер бойынша қазақ-түрікмен консультациялары өтті.
Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев бастап келсе, Түрікменстан Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет бөлімінің басшысы Довлет Мұратов түрікмен делегациясының басшысы ретінде өкілдік етті.
Тараптар консулдық-құқықтық саладағы жұмысты жетілдіру және консулдық қызметте заманауи технологияларды енгізу жөнінде пікір алмасты.
Достық, сындарлы және өзара сенімді ахуалда өткен консультациялар барысында дипломаттар өзара мүддені білдіретін бірқатар консулдық мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.
Кездесуге қатысушылар достас елдер арасындағы екіжақты қатынастарға қосымша серпін берген осындай екіжақты кездесулерді өткізудің маңыздылығы мен тиімділігін айтып, бұл екі мемлекеттің консулдық қызметтері мен құзыретті органдары арасындағы байланыстарды айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік жасайтынын атап өтті.
Консультациялардың қорытындысы бойынша тараптар консулдық мәселелер жөнінде екіжақты консультацияларды тұрақты негізде жалғастыруға ниеттерін растады.