
ОТТАВА, 2022 жылғы 17 наурыз - Мемлекет Басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын ақпараттық-имидждік сүйемелдеу мақсатында ҚР Канададағы Елшілігі канадалық парламентшілер үшін онлайн брифинг ұйымдастырды, оның аясында Жаңа Қазақстан құру шеңберіндегі ауқымды өзгерістер бағдарламасы таныстырылды.
ҚР Канададағы Елшісі А.Камалдинов іс-шараға қатысушыларды еліміздің саяси жүйесін жаңғырту бойынша 5-ші реформалар пакетімен таныстырды. Ол Қазақстан билікті және заң шығарушы органның жауапкершілігін күшейту есебінен Президенттен Парламентке өкілеттіктерді қайта бөлуді жүргізетінін атап өтті. Біздің еліміз «суперпрезиденттік» модельден «мықты парламенті бар президенттік республикаға» көшетіні және тежемелік пен тепе-теңдіктің түбегейлі жаңа орнықты жүйесі қалыптастырылатыны атап өтілді.
Қазақстандық дипломат саяси реформалардың қазіргі бағдарламасы ҚР-дың саяси дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіретінін хабарлады. Реформалар қазірдің өзінде басталған қайта құрудың қисынды жалғасы болып табылады, дәйекті демократияландыруға ықпал етеді және мемлекеттің орнықтылығы мен оны тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Ол Қазақстан билігі еркін саяси бәсекелестікті қамтамасыз ететін партиялардың институционалдық және ұйымдастырушылық дамуы үшін қолайлы жағдай жасайтынын және адал әрі ашық сайлау өткізу мақсатында сайлау жүйесі реформаланатынын атап өтті. Аталған өзгерістер партиялар мен сайлау науқандарын тіркеу рәсімдерін оңайлатуды, партияның тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төрт есе төмендетуді қамтиды. Президент Қ.Тоқаевтың 2019 жылы қызметке кірісуіне дейін бұл көрсеткіш 40 мың адамды құрағаны, ал үш жылдан аз уақыт ішінде сегіз есе қысқарғаны атап өтілді.
ҚР Елшісі Мәжілістің сайлау жүйесіндегі реформаларды егжей-тегжейлі сипаттады, яғни оның аралас пропорционалды - мажоритарлық модельге айналатынын, онда депутаттардың
70% пропорционалды модель бойынша, ал 30% мажоритарлық модель бойынша сайланатынын жеткізді. Ол сондай-ақ облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас жүйесіне
(50/50) көшу, қалалық және аудандық мәслихаттардың мүшелерін сайлаудың мажоритарлық жүйесін енгізу азаматтардың жергілікті заң шығару органдарын қалыптастыруға тікелей қатысу дәрежесін арттыратынын атап өтті. Сонымен қатар бұл саяси партиялардың мүшелері болып табылмайтын кандидаттарға елдің саяси өміріне қатысуға мүмкіндік береді.
А.Камалдинов Қазақстанда азаматтық қоғам институттарының рөлі күшейтілетінін, қоғамдық ұйымдар мен белсенділер реформаларды дайындау мен іске асыруға кеңінен тартылатынын атап өтті. Барлық ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттар қоғамдық талқылау үшін ашық болады және қоғамдық кеңестердің рөлі күшейтіліп, олардың жұмыс форматы түбегейлі жаңартылады.
Өз кезегінде, канадалық парламентшілер Қазақстанды одан әрі демократияландыру бағытының жалғасы болып табылатын жаңа саяси бағдарламаға шынайы қызығушылық танытты. ҚР-Канада парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшелері елімізде жүргізіліп жатқан басқару институттарын жаңғырту мен саяси бәсекелестікті арттыруға бағытталған кең ауқымды реформаларды жоғары бағалады.
Топтың тең төрағасы - канадалық сенатор В.Оу саяси реформаларды іске асыру, мемлекеттік секторды бюрократиясыздандыру, сондай-ақ ашық әрі әділ сайлау өткізуге жағдай жасау, бәсекеге қабілетті әрі тәуелсіз БАҚ жұмысы жөніндегі Қазақстанның күш-жігеріне жоғары баға берді.
Топтың тең төрағасы - Канада Парламенті Қауымдар палатасының мүшесі Ш.Али жергілікті атқарушы органдар қызметінің есептілігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған парламенттік сайлау жүйесі мен жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы реформалардың өзектілігін атап өтті. Сонымен бірге ол Конституция ережелерін қатаң сақтау, өлім жазасына тыйым салуды заңнамалық тұрғыдан бекіту және оның өкілеттіктері туралы конституциялық заң қабылдау арқылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлін күшейту үшін елімізде Конституциялық сотты қайта құрудың маңыздылығына тоқталды.
Жалпы, іс-шара болу елінің парламенттік топтарының елімізде іске асырылып жатқан реформалар мен қайта құруға ерекше қызығушылығын көрсетті. Іс-шара ҚР Канададағы Елшілігінің бастамасымен ҚР-Канада парламентаралық ынтымақтастық тобымен бірлесіп өткізілді.