Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады

Астана, Қазақстан, 2024 жылғы 02 қыркүйек – Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады.

Президент сөзінің басында Парламент өткен сессияда 102 заң қабылданғанын атап өтті. Олардың қатарында қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске, ғылым және технология саясатына, жылу энергетикасына қатысты және басқа да заңдар бар. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік салаға, соның ішінде балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінген.

Президент халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынғанына назар аударып, арқаны кеңге салуға болмайтынын, алдымызда әлі талай ауқымды жұмыс тұрғанын айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуды, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жоюды, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсартуды, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалануды, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуді, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыруды, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуды, экологиялық ахуалды жақсартып, қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуді, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыруды, сондай-ақ қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруды көздейтін бірқатар бастаманы ортаға салды.

Президент тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өтті.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты