Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған баспасөз-конференциясын өткізді

Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған баспасөз-конференциясын өткізді

Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Сабр Есімбеков Жапонияның Ұлттық баспасөз клубында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай баспасөз-конференциясын өткізді.

Елші журналистерге берген сұхбатында Қазақстанның егемендік алған күннен бергі негізгі жетістіктерін, бүгінгі таңда жүзеге асырып отырған реформаларын, сыртқы саяси бастамалары мен табыстары жайында баяндады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың, Республиканың қалыптасуы мен дамуындағы рөлі мен үлесін ерекше атап өтіп, Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаевтың саясаты мен басты басымдықтары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Сабыр Есімбеков өз сөзінде: «Біз заманауи нарықтық экономикасы бар табысты Қазақстан мемлекетін құра алдық. Көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнатып, көп ғасырлық тарихымызда алғаш рет Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық тұрғыдан танылуын қамтамасыз еттік. Біріккен Ұлттар Ұйымына, Дүниежүзілік Сауда Ұйымына және басқа да көптеген жаһандық ұйымдарға мүше болдық» деп атап өтті.
Елші Жапонияның 1991 жылы желтоқсанда еліміздің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің қатарында болғанын және екі ел арасындағы қарым-қатынастардың барлық кезеңдерінде Қазақстанға үнемі экономикалық қолдау көрсетіп келгенін атап өтті.

Алдағы 2022 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толғалы отыр.
Бүгінде екі мемлекет арасында жоғары деңгейде саяси тығыз диалог орнатылған. Өткен жылдардың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 1 миллиард доллардан асқан болса, ағымдағы жылдың 10 айынында 900 миллион доллардан асып отыр.
Жапония 1993 жылдан бері жалпы инвестиция көлемі 7,5 миллиард доллардан асатын Қазақстандағы ең ірі 10 шетелдік инвестордың бірі болып табылады. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, 2019-2020 жылдары Жапониядан келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі шамамен 700 миллион долларды құрады.


Жапонияның Ұлттық баспасөз клубы (JNPC / Nippon Kisha Club) Жапонияның бірегей ұлттық баспасөз клубы болып табылады және оған барлық ұлттық және жергілікті газеттердің, хабар таратушылар мен ақпарат агенттіктерінің мүшелері кіреді. 1969 жылы құрылғаннан бері JNPC үкіметтің қаржылық қолдауынсыз тәуелсіз ұйым ретінде жұмыс істеп келеді.