Токиода Жапонияның «Toyo Bunko» атты ірі кітапханасы мен мұражайында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фотокөрме ашылды.
Аталған фотокөрмені Елші Сабр Есімбеков, «Toyo Bunko»-ның басқарушы директоры Ясуюки Сугиура және мұражай директоры Кеничиро Хирано ашқанын хабарлаймыз. Мәдени іс-шараның ашылуына мұражай қызметкерлері мен қонақтары да қатысты.
Жергілікті халықтың назарына ұсынылған экспозицияда Қазақстанның көрікті жерлерін, еліміздің жарқын пейзаждарын, тарихын, бай мәдениеті мен табиғатын, сондай-ақ дәстүрлі өмірін бейнелейтін фотосуреттер бар.
Қазақстан Елшісі өз сөзінде: «Бір жарым ай уақыт аралығында, осы көрмеге шығарылған 30-дан астам фотосуреттерді көруге келетін халықтың Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен, табиғатымен және көрікті жерлерімен таныса алатынына өте қуаныштымын», - деп атап өтті.
«Toyo Bunko»-ның директоры Елшіні және қазақстандықтарды алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтап, «Toyo Bunko»-ның негізін қалаушы бүгінде Қазақстан нарығында кеңінен ұсынылған «Mitsubishi» компаниясы екендігін атап өтті. Елші мен мұражай басшылығы одан әрі ынтымақтасуға және болашақта бірлескен іс-шаралар өткізуге келісті.
Іс-шара аясында Елшілік кітапхана қорына Қазақстанның тарихы мен табиғаты туралы ағылшын тіліндегі кітаптар жинағын, қазақ ғалымы және шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың еңбектер кітабын, қазақ ақындары поэзиясының жинағын, сондай-ақ қазақ ағартушысы, ақын Абайдың жапон тіліне аударылған шығармалар жинағын табыс етті.
«Toyo Bunko» қазіргі уақытта Жапониядағы ең ірі азиялық зерттеу орталығы және әлемдегі ең үлкен бестіктің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта кітапханада Қазақстан тарихына арналған 100-ден астам кітап бар.
Шараны Қазақстанның Жапониядағы Елшілігі «Toyo Bunko» мұражайымен бірлесіп ұйымдастырды. Көрме 2022 жылдың 26 қаңтарына дейін, Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына дейін ашық болады.