1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ҚР-дың Жапониядағы Елшілігінде Қазақстанды зерттеу жөніндегі жапондық сарапшылар қауымдастығының қатысуымен «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: жетістіктер мен болашақ» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында ҚР-дың Жапониядағы Елшісі С.Есімбеков пен жапон сарапшылары Қазақстанның егемендік алғаннан бергі негізгі жетістіктерін, елде жүргізілген және жүзеге асырылып жатқан реформаларды, сыртқы саяси бастамаларды іске асырудағы жетістіктерді талқылады. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі мен ерең еңбегін, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың саясаты мен басымдықтары туралы арнайы айтылды. Шараға қатысушылар Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың басты жетістіктеріне ерекше назар аударды.
Дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы бейнеролик көрсетіліп, мемлекет дамуының негізгі кезеңдері туралы жапон және ағылшын тілдеріндегі кітаптар, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жапон тіліне аударылған қазақ ақыны Абайдың өлеңдері табыс етілді.
Қоғам төрағалары өз баяндамаларында Қазақстанның тегеуіріні мықты мемлекет екендігін, өсіп келе жатқан ұлттық экономикасын және этносаралық келісім мен дінаралық диалогқа негізделген саяси тұрақтылығы бар егемен ел ретінде қалыптасқанын атап өтіп, елдің көпвекторлы сыртқы саясатының ерекше рөлін жоғары бағалады.
Аталған қауымдастық ҚР мен Жапония арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту үшін зерттеулер жүргізу арқылы сараптамалық-консультативтік қолдау көрсетуге ниет білдірген жапондық ғылыми, академиялық және іскер қоғамдастықтар, БАҚ және ҮЕҰ өкілдерінен құралған. Олардың арасында Жапонияның Қазақстанда әр жылдары қызмет атқарған бұрынғы Елшілері, «Васэда», «Рицумейкан», «Тейкё» және «Мусашино» университеттерінің профессорлары бар.
ҚР Жапониядағы Елшілігі