Жапонияда қазақтар қауымдастығы құрылды

Жапонияда қазақтар қауымдастығы құрылды

Ағымдағы жылғы 14 сәуірде Қазақстан Республикасының Токиодағы Елшілігінде Жапониядағы қазақтар қауымдастығының ашылу салтанаты өтті.

Байланыста болу және өзара қолдау көрсету үшін Жапонияда тұратын Қазақстанның азаматтары мен қандастарды біріктіру мақсатында осындай қоғамдық ұйым алғашқы рет құрылды.

Қазіргі уақытта Жапонияда тұрақты негізде жұмыс істеп немесе оқып жүрген Қазақстан Республикасының 191 азаматы және Қытай, Моңғолия мен Өзбекстаннан келген 70-ке жуық қандастар тұрады.

Іс-шара барысында «Juntendo» университетінің клиникасында хирург болып жұмыс істейтін қауымдастықтың басшысы Әбдібек Қалыбек бірлестік қызметі туралы таныстырлым өткізді.

Кәсіпкерлер арасында өзара ынтымақтастықты орнату, мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асыру және ақпараттық қолдау қауымдастық қызметінің негізгі бағыттары ретінде айқындалған.

ҚР Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев коронавирус індеті өршіп тұрған кезде Жапонияда тұратын отандастар өздерінің бірлігін көрсетіп, Қазақстан халқына гуманитарлық көмек жіберу үшін күш біріктіргенін және соның нәтижесінде қауымдастық құру идеясы туындағанын мәлімдеді.

Ашылу рәсімі барысында онлайн форматта Жапониядағы қазақтар қауымдастығы мен «Отандастар» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

«Отандастар» қорының Вице-президенті Мағауия Сарбасов өз сөзінде шетелдегі отандастармен байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, отандастардың тілдік және этномәдени бірегейлігін сақтауға ықпал ететін қор бағдарламалары туралы хабардар етті.

2015 жылдан бері Жапонияда тұратын ҚР азаматы Антон Голубь қауымдастықты құрылғанына өте қуанышты екенін айтып, шетелде жұмыс істегенде өз отандастарымен байланыста болғысы келетінін жариялады.

Мекен-жайы: Токио, Минато-ку, Конан 4-6-4, World City Towers 1105, Т 108-0075

Телефоны: +81 070 8382 0526

Электрондық пошта: jqq.japan@gmail.com

Анықтама: 2018 жылдан бері Жапонияда негізгі мақсаты тұрмысқа, оқу процесіне және әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделуге жәрдемдесу болып табылатын қазақстандық студенттер қауымдастығы жұмыс істейді.

 

ҚР Жапониядағы Елшілігі