«Шетелде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты
1. Мемлекеттік қызметті ұсыну тәсілдері (қол жеткізу арналары):
1) көрсетілетін қызметті беруші арқылы;
2) кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлі - зайыптылардың өзара келісімі бойынша некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу кезінде -www.egov.kz"электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі: 1) жеке тұлғаларға (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушы) көрсету мерзімі бірлескен өтініш берген күннен бастап бір ай мерзім өткен соң;
2) хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адаммен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу екінші жұбайының көрсетілетін қызметті берушіден қамаудағы не әрекетке қабілетсіз жұбайының қорғаншысынан немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған жұбайының мүлкіне қорғаншыдан хабарлама алған күннен бастап қырық бес күн мерзім өткен соң жүзеге асырылады.
3) осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында белгіленген құжаттарды қосымша тексеру қажет болған кезде көрсетілетін қызметті алушыны қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде хабардар ете отырып, қызмет көрсету мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге ұзартылады.
3. Мемлекеттік қызмет көрсету түрі: Электронды (ішінара автоматтандырылған) / қағаз түрінде.
4. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі: Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлік немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін ұсыну нысаны: қағаз түрінде.
5. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу әдісі: Көрсетілетін қызметті алушыларға мемлекеттік қызмет "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық Кодексі)" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне және "Шет мемлекеттің аумағындағы консулдық іс-әрекеттер үшін консулдық алым ставкаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2019 жылғы 20 мамырдағы № 11-1-4/227 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18702 болып тіркелген) сәйкес консулдық алым мөлшерлемелері бойынша ақылы негізде көрсетіледі.
Консулдық алымды төлеу қолма-қол ақшамен немесе қолма-қол ақшасыз екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының белгілі бір түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Консулдық алым 45 АҚШ долларын құрайды.
6. Мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі:
Көрсетілетін қызметті берушіге: Кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеу үшін:
1) шетелде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу саласында мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына (бұдан әрі-Қағидалар) 14-қосымшаға сәйкес некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш);
2) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзған адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттар (салыстыру үшін);
3) неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік;
4) консулдық алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы. Хабар-ошарсыз кеткен немесе әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдармен не қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдармен сот шешімі негізінде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеу үшін:
1) осы Қағидаларға 15-қосымшаға сәйкес жұбайын хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы заңды күшіне енген Қазақстан Республикасының сот шешімінің, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн кемiнде үш жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталғаны туралы Қазақстан Республикасының сот үкімінің негізінде жұбайлардың бірінің некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініші;
2) көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат (салыстыру үшін);
3) жұбайын хабар-ошарсыз кеткен немесе әрекетке қабілетсіз деп тану не қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы соттың заңды күшіне енген сот шешімі немесе сот үкімі (салыстыру үшін);
4) неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік;
5) консулдық алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы.
Порталға (кәмелетке толмаған балалары жоқ ҚР азаматтарының, ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеу кезінде):
1) көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған Қазақстан Республикасында тіркелген азаматтық хал актілерін тіркеу туралы мәліметтерді көрсете отырып, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу туралы электрондық өтініш;
2) консулдық алым төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі. Шет мемлекеттің құзыретті мекемесі не оған арнайы уәкілетті тұлға өз құзыреті шегінде және белгіленген нысан бойынша берген немесе куәландырған шет мемлекеттің елтаңбалы мөрімен бекітілген құжаттар арнайы куәлік (заңдастыру немесе апостильдеу) рәсімінен өткеннен кейін ғана қабылданады (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен ратификацияланған, 1993 жылғы 22 қаңтарда Минск қаласында жасалған Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға және Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы Заңымен ратификацияланған, 2002 жылғы 7 қазанда Кишинев қаласында жасалған Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға қатысушы елдер үшін талап етілмейді). Қазақстан Республикасынан тыс тиісті шет мемлекеттің тілінде берілген құжаттар мемлекеттік немесе орыс тіліне аударылуға жатады.
ҚР-дың Жапониядағы Елшілігінің реквизиттері:
Beneficiary's name: Embassy of the Republic of Kazakhstan
Beneficiary's account number: 3903002
Bank account: The Bank of Tokyo –Mitsubishi UFJ, LTD.,
Shibuya – Meijidori Branch
(Swift code: BOTKJPJT)
Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негіздері
1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің белгілі болуы;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған деректердің және мәліметтердің осы Қағидалардың 4-тараудағы талаптарына сәйкес келмеуі.