Бангкокта Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Бангкокта Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Бангкок, 27 қараша 2024 жыл – Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетуге арналған «Unlocking Kazakhstan: The Future of Travel Destinations» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Таиландтың жетекші туристік компаниялары мен беделді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Арман Исетов Қазақстанның халықаралық туристер арасында танымалдылығы артып келе жатқанын атап өтті. 2023 жылы елге 9 миллионнан астам адам келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Туристік инфрақұрылымды дамыту, визалық рәсімдерді жеңілдету және тікелей әуе рейстерін көбейту Қазақстанды саяхатшылар үшін қолжетімді етуде маңызды рөл атқаруда.

«Қазақстан мен Таиланд өздерінің туристік байланыстарын көлік қолжетімділігін дамыту арқылы нығайтуда. Ұлттық әуе компаниясы «Air Astana» Алматы мен Бангкок арасында, сондай-ақ Алматы мен Пхукет арасында аптасына 19 тұрақты рейс орындайды» - деп атап өтті А. Исетов.

Сондай-ақ, іс-шара аясында қонақтар үшін қазақтың дәстүрлі тағамы – бауырсақ жасау бойынша шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақ нанын пісірудің құпияларын ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның мәдениеті мен гастрономиялық дәстүрлеріне терең бойлай білді.

Жалпы, Қазақстан өз туристік әлеуетін белсенді түрде дамытып келеді, ал Таиландпен байланыстарды нығайту туризм саласындағы тұрақты және өзара тиімді серіктестікті қалыптастыруда маңызды қадам болып табылады.