
16 шілдеде Wyncoast индустриалды парктің жұмысымен танысу мақсатында Елші Р.Есбулатова Таиландтың Чаченгсао провинциясына жұмыс сапармен барды.
Индустриалды аймақтың басшысы Ч.Чамикорнмен өткен кездесу барысында Қазақстан Республикасында Wyncoast-тың технологияларын және жұмыс әдістерін қолдану бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Арнайы ұйымдастырылған презентациялар арқылы ҚР дипломаттары бірыңғай логистикалық қызмет принциптерімен таныстырылып, экспорттық-импорттық операциялардың жеңілдетілген рәсімдерін қолданудағы пікірлермен алмасты. Өз кезегінде, қазақстандық тарап Алматы облысында қызмет көрсететін «Damu Almaty» индустриалды-логистикалық орталығын мысал ретінде келтірді.
Wyncoast-тың құрамына Таиландтың кедендік органдарымен лицензияланған Wyncoast customs freezone, сонымен қатар брокерлік қызметтерден тыс, байланыс қызметтердің барлық түрлерін (логистика, кеңселер, конференц-бөлмелер және т.б.) ұсынатын Wyncoast factilities дивизиондары кіреді. Бұл нысандар 109 мың шаршы метр аумағында, Суварнабхуми негізгі халықаралық әуежайы мен Таиландтың Лаем Чабанг су портының екі ортасында қолайлы түрде орналасқан.
Кездесу соңында, COVID-19-ға байланысты жағдай өз қалпына келгеннен кейін, осындай орталықтардың өзін-өзі қамтамасыз ету саласында (күн сәулелік электр станциялары, жылу және сумен қамтамасыз ету сияқты) тәжірибе алмасу мақсатында таиландтық мамандарының ҚР аймақтарына сапарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру бойынша тай тарапына ұсыныс енгізілді.