Қазақстан Елшісі Таиланд Премьер-Министрімен кездесу өткізді

Қазақстан Елшісі Таиланд Премьер-Министрімен кездесу өткізді

Бангкок, 3 қазан - Таиланд Премьер-Министрі Прают Чан-о-ча Қазақстан Республикасының Таиландтағы Елшісі Арман Исетовті қабылдады. Кездесу барысында Премьер-Министр дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығымен құттықтап, Қазақстан мен Таиланд арасындағы сенімді әріптестік байланыстарды атап өтті. Генерал Прают Чан-оча біздің елдеріміздің өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті. Осы үдерістегі АӨСШК-нің жоғары рөлін ескере отырып, Таиланд Астанадағы АӨСШК саммитіне қатысуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, тай үкіметінің басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту қажеттігі туралы айтты. Соңғы бірнеше жылда өзара тауар айналымы дәйекті түрде өсіп, одан әрі ынтымақтастық әлеуетін сақтап келеді. Логистикалық қашықтықты ескере отырып, Прают Чан-оча тауарларды жеткізудің балама жолдарын іздеу қажеттілігіне назар аударды. Бұл ретте тай компанияларының Қазақстанда бизнес жобаларды іске асыруға мүдделілігі атап өтілді.

Оның үстіне, тараптар жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өсіп келе жатқан проблемаға ортақ алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты Елші Исетов Қазақстанның бидайдың ірі өндірушілерінің бірі ретінде әлемнің мұқтаж елдеріне астық өнімдерін жеткізу әлеуетін атап өтті.

Сондай-ақ, тараптар туризмді өзара дамыту мәселесін талқылады. Қазақстандық дипломат туристер ағымын арттыратын екі ел арасындағы тұрақты рейстер санының артуы туралы хабарлады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты барлық деңгейде жалғастыруға келісті.