Тай депутаттары Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтудың нақты жобаларын ұсынды

Тай депутаттары Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтудың нақты жобаларын ұсынды

Бангкок, 2022 жылғы 11 тамыз – Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Арман Асқарұлы Исетов Таиланд Өкілдер Палатасының Ғылым, технологиялар  және инновациялар жөніндегі комитетінің төрағасы Ақарават Асвахем бастаған депутаттармен кездесті. Тай тарапына Қазақстанның негізгі жетістіктері және екі елдің сауда қатынастарындағы ағымдағы жағдай туралы хабарланды. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласына және оның Қазақстан халқының әл-ауқатын арттырудағы маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде Таиланд Парламентінің депутаттары Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалап, оның білім беру жүйесінің сапасын ерекше атап өтті. Комитеттің бірінші Вице-Төрағасы доктор Канок Вонгтранган бес тай депутатының ү.ж. мамыр айында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына сапары және Қазақстанның мәдениетімен танысудан алған әсерлері туралы айтып берді.

Тай депутаттары өңірлік дамуға бағытталған білім беру, азық-түлік қауіпсіздігі және туризм саласындағы ынтымақтастықтың нақты жобаларын ұсынды. Депутаттар Елші Исетовті енгізілген даму жобаларын зерттеу үшін Краби провинциясына баруға шақырды.