GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Консулдық мәселелер
Байланыс ақпарат
Елшілік туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Все материалы
27 сентября 2026
Қазақстан мен Израиль спорт саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Елшісі Дәулет Ембердиев Израиль Мемлекетінің Мәдениет және спорт министрі Мики Зоармен кездесті. Кездесу барысында спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалары талқыланды.
Кездесу Қазақстан-Израиль қатынастарының қарқынды дамуы аясында өтті. Соңғы бір жыл ішінде екі ел арасында бірқатар өзара сапарлар мен жоғары деңгейдегі байланыстар жүзеге асырылып, бұл практикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қолайлы жағдай қалыптастырды.
Тараптар спорт дипломатиясының гуманитарлық байланыстарды нығайту және Қазақстан мен Израиль халықтары арасындағы өзара түсіністікті арттырудың маңызды құралы ретіндегі әлеуетін атап өтті.
Сонымен қатар, халықаралық спорт ұйымдары аясындағы өзара қолдауды үйлестіру тетіктері талқыланды. Тараптар өзара мүдделілік білдіретін мәселелер бойынша сындарлы диалог пен өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан тарапы екі елдің спорт саласындағы уәкілетті органдары арасындағы тікелей байланыстарды одан әрі дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ететін ынтымақтастықтың жаңа форматтарын қарастыруға мүдделілік білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға және Қазақстан мен Израиль арасындағы спорт саласындағы ынтымақтастыққа қосымша серпін беруге дайын екендерін растады.
Спорттық байланыстарды дамыту Қазақстан мен Израиль арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты және достық қатынастарды одан әрі нығайтудың перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырылады.

20 сентября 2026
Қазақстанның Израильдегі Елшілігінде еңбек қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

 Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Елшісі Дәулет Ембердиев Израиль Еңбек министрлігінің Бас директоры Руби Шемшемен кездесу өткізді. Кездесу барысында еңбек қатынастары саласындағы Қазақстан-Израиль ынтымақтастығын одан әрі дамыту және екіжақты өзара іс-қимылдың шарттық-құқықтық базасын кеңейту мәселелері талқыланды.
Қазақстан тарапы Израиль тарапының қарауындағы құжаттарды келісу жөніндегі жұмысты жеделдетуге мүдделі екенін атап өтіп, тиісті халықаралық шарттарға жақын арада қол қойылады деген үміт білдірді.
Д. Ембердиев аталған бағыттағы жұмыстың 2021 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын, сол кезде тиісті бастаманы Израиль тарапы көтергенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан тарапы ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандырып, құжаттарды келісу процесін жеделдетуге шақырды.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы азаматтарының Израиль Мемлекетіндегі еңбек қызметін реттеу туралы келісімнің жобасына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Израиль Мемлекетінің Еңбек министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның жобасы бойынша пікір алмасу өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар еңбек саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында тиісті мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы диалог пен үйлестіруді жалғастыруға дайын екендерін растады.

20 сентября 2026
Израиль Кеден қызметінің басшысымен кездесу

Қазақстан Республикасының Израильдегі Елшілігінің Израиль мемлекеттік органдарының басшыларымен, әсіресе қазақстандық экспортты Израильдің ішкі тұтыну нарығына ілгерілету үшін қолайлы жағдайлар жасауға тікелей ықпал ететін құрылымдармен жұмыс байланыстарын кеңейту және нығайту жөніндегі жұмысы аясында, 2026 жылғы 19 тамызда Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Ембердиев Израиль Кеден қызметінің басшысы, Израиль Салық басқармасы директорының орынбасары Кфир Ченмен кездесу өткізді. Израиль Кеден қызметі Қаржы министрлігіне қарайтын Израиль Салық басқармасының құрамына кіреді.
Елші сұхбаттасушысына Қазақстан, елде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, инвестициялық мүмкіндіктер және бірлескен жобаларды іске асырудың басым бағыттары туралы ақпарат берді.
Елші Қазақстанның өз аумағы арқылы, ең алдымен Қытай–Еуропа бағыты бойынша, тауарлардың елеулі көлемін тасымалдауға мүмкіндік беретін маңызды транзиттік бағытқа айналып келе жатқанын ерекше атап өтті. Қазақстандағы сыртқы және ішкі кеден бекеттерінің көптігі, сондай-ақ аумақтың ауқымдылығы кедендік рәсімдерге барынша тиімді әрі инновациялық шешімдерді енгізуді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Израильдің бұл саладағы тәжірибесі ең озық әрі табысты тәжірибелердің бірі болып табылады.
Израиль Кеден қызметінің басшысы өз кезегінде Кеден қызметінің құрылымы, оның әуежайлардағы, теңіз порттарындағы, құрлықтағы шекара өткелдеріндегі және басқа да аумақтық бөлімшелерінің қызметі, сондай-ақ Израиль кеден органдары қолданатын озық технологиялық шешімдер туралы айтып берді. Атап айтқанда, Кфир Чен импорттаушыларды, кеден брокерлерін, теңіз және әуе порттарын, сондай-ақ банктерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіретін және жүктерді қағазсыз рәсімдеуге мүмкіндік беретін «Global Gate» бірыңғай IT-платформасының жұмысына тоқталды.
Тараптар қаржы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық базасын кеңейту бағытында атқарылған мазмұнды жұмысты, атап айтқанда, Қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенция жобасын келісудің аяқталғанын қанағаттанушылықпен атап өтті. Осы маңызды құжатқа жақын арада қол қою жоспарлануда.
Қазақстан мен Израиль өкілдері екі елдің кеден органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған байланыстар мен жұмыс кездесулерінің жоғары қарқынын сақтауға уағдаласты. Бұл ретте кеден қызметін цифрландыру перспективалы бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Тараптардың ортақ пікірінше, аталған бағыт кеден бекеттерінің жұмыс тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өзара іс-қимылдың тиімді алаңдарының бірі Қазақстан–Израиль сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы бола алады. Комиссияның кезекті отырысын 2026 жылғы қарашада Израильде өткізу жоспарлануда.

27 июля 2026
Қазақстан Елшісі Мигдаль-ха-Эмек қаласының мэрімен кездесті


Мигдаль-ха-Эмек, 2026 жылғы 26 шілде - Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Ембердиев Мигдаль-ха-Эмек қаласына жұмыс сапарымен барып, қала мэрі Яки Бен Хаиммен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Израиль арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ өнеркәсіп, жоғары технологиялар, инновациялар және инвестициялар тарту салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу аясында Д. Ембердиев Алматы облысында жүзеге асырылып жатқан жаңа халықаралық өсу орталығы – Alatau City жобасын таныстырды. Жоба халықаралық инвестицияларды тартуға, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған инновациялық, ғылыми-білім беру және іскерлік инфрақұрылымы дамыған заманауи қаланы құруды көздейді.

Тараптар Alatau City мен микроэлектроника, цифрлық технологиялар, инновациялар және индустриялық парктерді басқару салаларында озық тәжірибеге ие Израильдің жоғары технологиялық компаниялары арасында әріптестік байланыстар орнатудың зор әлеуетін атап өтті.

Өз кезегінде қала мэрі Яки Бен Хаим қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, Мигдаль-ха-Эмектің Израильдің солтүстігіндегі жетекші өнеркәсіптік және жоғары технологиялық орталықтардың бірі екенін атап өтті. Қала Израильдің жартылай өткізгіштер мен микроэлектроника өнеркәсібінің маңызды орталықтарының бірі ретінде танылған, мұнда жетекші халықаралық компаниялардың кәсіпорындары орналасқан әрі инновациялық экожүйе қарқынды дамып келеді.

Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Израиль арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, муниципалитеттер, іскерлік қауымдастықтар және даму институттары арасындағы байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ инновациялар, өнеркәсіп және инвестициялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілік білдірді.
 
 
 
 
 
27 июля 2026
Құрылтай 2026
ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТАРЫ!

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2026 жылғы 23 тамызда (сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін) Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Елшілігі жанындағы №417 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтеді.

Дауыс беру күні 18 жасқа толған, белсенді сайлау құқығы бар Қазақстан Республикасының әрбір азаматының сайлауға қатысуға конституциялық құқығы бар.

Осы құқықты жүзеге асыру үшін Сізді сайлаушылар тізіміне енгізу қажет.

Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Елшілігі жанындағы №417 сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне Израиль аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын және Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты бар барлық азаматтар енгізіледі.


ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!

Израиль Мемлекетінің аумағында жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарын барынша қамту мақсатында 2026 жылғы 5 тамызға дейін (қоса алғанда) өз деректеріңізді (тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, ЖСН, Израильдегі тұрғылықты мекенжайы, байланыс телефоны және электрондық пошта мекенжайы) «Сайлау – 2026» деген белгімен төмендегі электрондық пошта мекенжайларына жолдауыңызды сұраймыз:

📧 t.ryskeldiyev@mfa.kz
📧 kzembtlv@gmail.com

немесе

📞 +972 53 272 1815

телефоны арқылы хабарласуға болады.

Назарларыңызға саламыз, Израиль аумағында жүрген, дауыс беру күні 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының барлық азаматтары сайлауға қатысуға құқылы.

Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Елшілігі жанындағы №417 сайлау учаскелік комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызда сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өз жұмысын жүзеге асыратын болады.
 
09 июля 2026
Израильдегі Қазақстан Елшілігі Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен академиялық әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады

2026 жылғы 8 шілдеде Астана қаласында Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Ембердиев «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Абай Рахметпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Tel Aviv University университетімен академиялық ынтымақтастықты дамыту және «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын талқылады. Қазақстандық мамандардың Израильдің жетекші жоғары оқу орындарының бірінде білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.

Д. Ембердиев Tel Aviv University басшылығының «Болашақ» бағдарламасымен әріптестікті дамытуға қызығушылық танытып отырғанын атап өтіп, мұндай ынтымақтастық жоғары білікті кадрларды даярлауға және Қазақстан мен Израиль арасындағы академиялық алмасуларды кеңейтуге ықпал ететінін айтты.

Қазіргі уақытта Tel Aviv University «Болашақ» бағдарламасы бойынша ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне енгізілген. «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламалары жүзеге асырылған кезеңнен бері Израильде 145 қазақстандық маман білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Израиль арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға дайын екендіктерін растады.

 

01 июля 2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай үндеуі
Құрметті отандастар!

Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз.

Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады.

15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық.

Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі.

Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ.

Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз!

Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін!

Қазақстан Республикасы жасай берсін!

Халқымыз мәңгі жасасын!

01 июля 2026
Қазақстан Республикасының Израильлегі Елшісі Араб халықаралық қатынастар кеңесі мен Араб мәдени қауымдастықтары форумының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға қатысты

2026 жылғы 11 маусымда Қазақстан Республикасының Елшісі Дәулет Ембердиев Араб халықаралық қатынастар кеңесі мен Израильдегі араб мәдени қауымдастықтары форумының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға қатысты.
Іс-шараға дипломаттар, қоғам қайраткерлері, академиялық орта өкілдері және азаматтық қоғам мүшелері қатысып, мәдениетаралық диалогты дамыту, өңірлік ынтымақтастықты кеңейту және Таяу Шығыс пен әлемнің басқа да өңірлері халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайту мәселелерін талқылады.
Өз сөзінде Д.Ембердиев Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуді, конфессияаралық диалогты дамытуды және өңірлік тұрақтылықты нығайтуды қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның халқының басым бөлігі мұсылмандардан тұратын зайырлы мемлекет ретінде діни төзімділік, адам құқықтарын қорғау және азаматтардың этникалық немесе діни ерекшеліктеріне қарамастан теңдігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударатыны айтылды.
Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформаларға ерекше көңіл бөлінді. Елдің жаңартылған Конституциясы мемлекеттік құрылыстың демократиялық қағидаттарын нығайтқаны, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейткені, азаматтардың этникалық немесе діни тиесілігіне қарамастан теңдігін бекіткені, сондай-ақ мемлекеттік оқу орындарындағы білім беру ғылыми білім мен жалпыазаматтық құндылықтарға негізделетінін көздей отырып, мемлекеттің зайырлы сипатын растағаны атап өтілді. Бұл өзгерістер Қазақстанның әділетті әрі заманауи қоғам құруға бағытталған дәйекті бағытын айқын көрсетеді.
Іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның конфессияаралық диалог саласындағы халықаралық бастамалары туралы ақпарат ұсынылды. Атап айтқанда, Астанада өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі туралы айтылды. Бұл форум жиырма жылдан астам уақыт бойы әртүрлі конфессия өкілдері арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға арналған маңызды халықаралық алаң ретінде қызмет етіп келеді.
Пікірталас барысында Авраам келісімдері аясындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, Газаны соғыстан кейін қалпына келтіруге бағытталған гуманитарлық бастамалар, сондай-ақ Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдері арасындағы экономикалық және технологиялық байланыстарды дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.
Қазақстанның аталған іс-шараға қатысуы елдің сындарлы диалог, бейбіт қатар өмір сүру және өзара тиімді халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына берік екенін тағы бір мәрте растады.

30 июня 2026
Үкіметаралық комиссияның отырысын өткізуді дайындау
Қазақстан–Израиль Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының қызметін жандандыру мақсатында ағымдағы жылдың 8 маусымында Комиссияның тең төрағалары – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Израиль Мемлекеті Қаржы министрлігінің министрі Зеэв Элькиннің онлайн кездесуі өтті.

Кездесудің негізгі тақырыбы биыл Израильде, алдын ала қараша айына жоспарланған Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дайындық мәселелері болды.

Тараптар екіжақты байланыстардың жоғары қарқыны мен мазмұнды сипатын атап өтті. Атап айтқанда, Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саардың өкілді бизнес-делегациямен бірге Астанаға жасаған жуырдағы сапары, сондай-ақ инновациялар, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект салаларындағы жетекші мемлекеттік агенттіктер мен компаниялардың басшыларын бастап келген Израиль Президенті Ицхак Герцогтың сапары ерекше аталып өтті.

Екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын кеңейту, сондай-ақ цифрландыру, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және басқа да басым бағыттардағы бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар Үкіметаралық комиссия екіжақты күн тәртібін ілгерілетудің негізгі тетіктерінің бірі болып табылатыны жөнінде ортақ пікірге келді.
 
 
 
 
29 июня 2026
Халықаралық серіктестерге діндердің климат мәселесіндегі рөлі мен жасанды интеллект этикасына арналған жобалар таныстырылды

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы «Діни лидерлердің тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі» тақырыбында халықаралық онлайн-конференция өткізді. Іс-шара барысында халықаралық серіктестерге «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» тақырыбындағы екі ірі жобаның құжаттары таныстырылды.

Конференцияға Қазақстан, Ұлыбритания, Ресей, Аргентина, Таиланд, Солтүстік Македония және Үндістанның беделді діни қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Талқылаудың негізгі арқауы – «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» және 2023–2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамыту тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру мәселелері болды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов өз сөзінде мемлекет пен конфессиялар арасындағы әріптестіктің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол қазақстандық модель аясында азаматтық бейбітшілікті нығайту үшін зайырлы институттар мен діни бірлестіктердің тең құқылы серіктес ретінде бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанын және бұл ең тиімді тәсіл екенін алға тартты.

Орталықтың Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай діни дипломатия әрбір қақтығысты шеше алмаса да, ең күрделі әрі шиеленісті кезеңдердің өзінде диалогты сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мысал ретінде ол 2025 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өткен VIII Съезді келтірді. Таяу Шығыстағы жағдай аса сезімтал кезеңде өткен жиында иудей және мұсылман өкілдері бір үстел басында отырып, өз жұмыстарын жалғастыра алған.

Басқарма төрағасы Г. Қожабай бүгінде рухани дипломатия нақты іс-қимылдарға көшуі тиіс екенін алға тартты. Атап айтқанда, ол жасанды интеллектке арналған этикалық қағидаларды қалыптастырудан бастап, климаттың өзгеруі сын-қатерлеріне бірлесіп жауап беруге дейінгі бағыттарды қамту қажеттігін жеткізді. Осы мақсатта Орталық әзірлеген «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» атты екі жобаға ерекше тоқталды.

Аргентина Ахмадия мұсылман қоғамының президенті Марван Сарвар Гилл ислам дәстүріндегі бейбітшіліктің әмбебап сипатына назар аударды. Ол Мұхаммед пайғамбардың іліміне сүйене отырып, адамның қадір-қасиеті нәсіліне, ұлтына немесе шыққан тегіне байланысты болмауы тиіс екенін, ал бейбітшілік таңдаулы сипатқа ие болмауы керектігiн атап өтті. Оның сөзінше, мұндай ұстаным жаһандық қауіпсіздіктің маңызды рухани негіздерінің бірі болып саналады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының профессор міндетін атқарушысы Юлия Шаповал цифрлық радикализмнің күшеюіне ерекше назар аударды. Ол діни және сарапшылық қауымдастықтар жаңа ақпараттық сын-қатерлерден артта қалмауы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстары, бейбітшілік пен жасампаздыққа үндейтін контент цифрлық кеңістікте белсенді таралып, әлеуметтік желілердегі деструктивті материалдарға қарсы тұруы қажет.

«Өркениеттер альянсы» халықаралық орталығы басқармасының төрағасы Иван Иванов этникалық және діни зорлық-зомбылықтың алдын алуда сыни ойлаудың маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, білім беру тек тұлғалық болмысты қалыптастырып қана қоймай, ар-ождан, жанашырлық пен жауапкершілік сезімін де тәрбиелеуі қажет. Осы тұрғыда философия мен этика білім беру бағдарламаларында маңыздырақ орын алуы тиіс екенін айтты.

Қазақстандағы Евангелиялық-лютеран шіркеуінің басшысы Ростислав Новгородов, Қазақстан Бахаи қауымдастығының өкілі Тоқжан Қожахметова және Somaiya Vidyavihar университетінің ректоры Рудракша Сакрикар жастардың ерекше рөліне тоқталды. Спикерлердің айтуынша, жас ұрпақ тек білім алушы ретінде емес, бейбітшілік, өзара құрмет пен ынтымақтастық мәдениетін ілгерілете алатын әлеуметтік өзгерістердің белсенді қатысушысы ретінде қарастырылуы тиіс.

Ресей ғылым академиясы Философия бөлімінің меңгерушісі Сергей Мельник 2027 жылы «Арамыздағы ортақ сөз» құжатының 20 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел өткізуді ұсынды. Бұл бастама ислам-христиан диалогын одан әрі дамытуға және діни дәстүрлер арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар конфессияаралық диалогтан тұрақты бейбітшілік, жаңа технологиялар этикасы, климаттық жауапкершілік, білім беру және радикализмнің алдын алу салаларындағы практикалық ынтымақтастыққа көшу маңызды екенін атап өтті.

 

Социальные сети
Facebook
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары