
Тель-Авив, 2024 жылғы 12 қыркүйек – Қазақстанның Израильдегі Елшілігі ғимаратында Елші Дәулет Ембердиев халықаралық сараптамалық қоғамдастық, ғылыми-академиялық, іскер топ және БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді.
Ашық пікірталас форматында өткен жиын Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауына арналды.
Елші өз сөзінде Жолдаудың негізгі аспектілерімен, сондай-ақ Мемлекет басшысының өнеркәсіптік әлеуетті дамыту, орнықты әлеуметтік-экономикалық прогрессті қамтамасыз ету, инвестициялық ахуалды жақсарту, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, экологиялық жағдайды жақсарту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, елдегі заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы алға қойылған міндеттермен таныстырды.
Сонымен қатар, Д. Ембердиев аудитория назарын бағдарламалық құжатта айтылған бастамалар бірінші кезекте азаматтардың жасампаздық әлеуетін жан-жақты ашуға және халықтың әл-ауқатын нақты арттыруға бағытталған реформаларды тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталғанына аударды.
Израильдік сарапшылар Қазақстан басшылығының жетістіктері мен жоспарларын жоғары бағалады.
Саясаттанушы және Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов Қазақстанның бүгінде мойындалған өңір көшбасшысы деп таныды. Ол Президент Жолдауында халықтың тілектері мен мұқтаждары ескеріліп, елдің тұрақты және прогрессивті дамуы үшін нақты міндеттер белгіленгенін айтты.
Сайлау жүйелерінің халықаралық сараптамалық орталығы төрағасы Александр Цинкер Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуде белсенді рөл атқаратынын және қарулы қақтығыстарды дипломатиялық құралдармен реттеуді жақтайтын Орталық Азияда ғана емес, Еуразия аймағындағы тұрақтылық аралына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша Қазақстан түрлі халықаралық ұйымдардың жұмысына белсене қатысып, терроризмге, экстремизмге, заңсыз көші-қонға және басқа да қауіп-қатерлерге қарсы күресті қолдайды.
Кездесуді қорытындылаған израильдік сарапшылар елімізде жалғасын тауып жатқан оң өзгерістердің сәтті жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.