
Тель-Авив, 2024 жылғы 18 мамыр – Израильдің су қауіпсіздігі саласындағы озық тәжірибесін зерделеу және енгізу мақсатында, Қазақстан Елшісі Дәулет Ембердиев израильдік жетекші «Mekorot», «Odis» және «BlueGen Water» компанияларының қызметімен егжей-тегжейлі танысты.
Аталған компаниялар ұлттық экологиялық инфрақұрылымның алдыңғы қатарында және суды басқару, ағынды суларды тазарту және қайта өңдеу саласында, сондай-ақ тұщыландыру және суды үнемдеу жүйелерін әзірлеуде инновациялық шешімдер ұсынады.
Израильдік фирма басшылары дипломатқа жүзеге асырылған новаторлық жобаларды таныстырып, су ресурстарын басқару саласындағы эксклюзивті шешімдерді паш етті.
Д.Ембердиев Қазақстан басшылығының елдің тұрақты дамуы мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін суды үнемдеу жобаларына баса мән беретінін ерекше атап өтті.
Кездесулер нәтижесінде бірлескен бастамаларды одан әрі пысықтау және жақын арада израильдік су компаниялары өкілдерінің Қазақстан өңірлеріне сапарын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл сапарлар жобаларды нақтылап алуға және ынтымақтастықтың практикалық аспектілерін талқылауға мүмкіндік береді.
Анықтама үшін: «Mekorot» ұлттық компаниясы сумен жабдықтау бойынша әлемдегі ең озық жүйелердің біріне ие. Компания елдің негізгі су жеткізушісі және сумен жабдықтау, су сапасын бақылау, инфрақұрылым, ағынды суларды тазарту, тұщыландыру және т.б. нысандарын басқарады.
«Odis» - су және ағынды суларды тазарту жүйелерін әзірлеу, жобалау және құрылыс саласындағы жетекші компаниялардың бірі.
«BlueGen Water»- 1988 жылдан бері суды, ағынды суларды және қатты қалдықтарды тазарту үшін озық және тиімді шешімдерін ұсынады және технологиялық тұрғыдан озық экологиялық жобалардың құрылысымен айналысады.