
Никосия, 2023 жылғы 13 қыркүйек – Қазақстанның Кипр Республикасындағы Елшісі Сатыбалды Бұршақов Кипр Өкілдер палатасының Сыртқы және Еуропалық істер жөніндегі комитетінің төрағасы – «Кипр-Қазақстан» парламентаралық достық тобының тең төрағасы Харрис Георгиадиспен кездесті.
Кездесу барысында Елші Кипр парламентінің өкілдерін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы хабардар етті. Сонымен қатар, биыл Лимасол мен Алматыда өткен бизнес-форумдарда талқыланған іскерлік іс-шаралар жайлы, оның ішінде экономикалық ынтымақтастық кең ауқымды мәселелері мен еліміздің инвестициялық әлеуеті туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Х.Георгиадис Қазақстандағы қоғамдық-саяси қайта құруды оң бағалай отырып, қазақстандық парламентшілермен өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ Қазақстан мен Кипр арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Кипр Сыртқы істер министрлігі мен Әділет министрлігі де ҚР Президенті Жолдауының негізгі аспектілерімен таныстырылды. Бұдан бөлек, Кипр Сыртқы істер министрлігінің Тұрақты хатшысы Кириякос Куроспен кездесу барысында Қазақстан-Кипр ынтымақтастығының жай-күйі мен келешегі, сондай-ақ елдеріміз арасындағы алдағы саяси консультациялардың күн тәртібі талқыланды.