Израиль бизнес-миссиясы Астанада сумен жабдықтау саласындағы озық жобаларын таныстырды

Израиль бизнес-миссиясы Астанада сумен жабдықтау саласындағы озық жобаларын таныстырды

Астана, 2023 жылғы 7-10 тамыз – Қазақстанның Израильдегі Елшілігі «Gaon Group» және «Shtang Construction and Engineering» Ltd израильдік компанияларының Астанаға жұмыс сапарын ұйымдастырды. Аталған компаниялардың мастер-жоспарларды әзірлеуді және оны іске асыруды қоса алғанда, сумен қамтамасыз ету бойынша кешенді шешімдерді ұсынатын инженерлік және операциялық оңтайландыру саласында озық тәжірибесі бар.

Сапар аясында израильдік инвесторлар Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Kazakh Invest басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, Астана қаласы әкімдігі және «КазЦентр ЖКХ» компаниясының басшылығымен келіссөздер өткізді.

Кездесулер барысында «Gaon Group» Бас директоры Гай Регев израильдік компаниялардың су айналымы жүйесі, кәріз жүйелері, су құбырлары және құбыр желілерін дамыту саласындағы қызметі мен іске асырылған жобаларымен таныстырды.

Бизнес-миссиямен бірге болған Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израиль су үнемдеу технологияларын енгізу, теңіз суын тұщыландыру және сарқынды суларды тазарту саласында әлемдік көшбасшы болып табылатынын атап өтіп, осы саладағы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап өтті. Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сумен қамтамасыз ету жөніндегі жобаларға басты мән беретіні де атап өтілді.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар су ресурстары саласындағы мүдделі жобаларды зерделеуде, сондай-ақ осы бағытта тәжірибе алмасуда уағдаластыққа қол жеткізді.