
Хайфа, 2023 жылғы 14 сәуір – Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Дүниежүзілік Бахаи орталығының Бас хатшысы Дэвид Рутштейнмен кездесуі аясында оған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің идеялары мен бастамаларын ілгерілетуге қосқан елеулі үлесі үшін шынайы ризашылығын білдірді.
С.Бұршақов израильдік діни лидерлердің VII Съезге белсенді қатысуы қазіргі әлемде өркениетаралық, конфессияаралық және дінаралық диалогты одан әрі ілгерілетуге ықпал еткенін атап өтті.
Д.Рутштейн Қазақстанның конфессияаралық диалогтағы тәжірибесін жоғары бағалап, Қазақстан астанасында тұрақты жұмыс істейтін форум күллі әлемдегі дін қызметкерлері мен олардың өкілдеріне ашықтық, толеранттылық және өзара құрмет атмосферасында неғұрлым өзекті және өткір мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретінін айтты.
Ол, сондай-ақ діни лидерлердің Астанадағы 7-ші Съезінің қорытындысы бойынша қабылданған Декларация бүкіл әлемде үйлесімді бейбітшілік құру ісінде бүгінгі ұрпаққа рухани-адамгершілік бағдар болатынына сенім білдірді.