
Тель-Авив, 2022 жылғы 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақовтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларына және оның «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» бағдарламасына арналған брифингі өтті.
Ашық пікірталас форматында өткен отырыста жетекші израильдік саясаттанушылар, сарапшылар мен журналистер Президент қызметі мен оның бастамаларына қызығушылық танытқаны байқалды.
Өз сөзінде Елші «Әділ Қазақстанның» құрылысында саяси және әлеуметтік-экономикалық Жоспарда айтылған бастамаларды іске асырудың негізгі мәнге ие екенін атап өтті. Дипломат бұл шаралар елімізде осы жылдың басынан бері жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар мен конституциялық түзетулердің бір бөлігі болып табылатынын және Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік мерзімі аясында жүзеге асырылатынын айтты.
Сонымен қатар, С.Бұршақов аудитория назарын бағдарламалық құжаттағы бастамалардың бірінші кезекте қазақстандық қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртуға бағытталған реформалардың тиімді орындалуын қамтамасыз етуге бағытталғандығына аударды.
Израильдік сарапшылар өз пікірлерінде Қазақстан басшылығының саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары мен мемлекеттің тиімділігін одан әрі арттыру және инклюзивті қоғам құруға бағытталған жоспарларын жоғары бағалады. Брифингке қатысушылар аталмыш Жоспарды Президент Қ.Тоқаевтың ауқымды реформалары аясында бастамашылық еткен аса маңызды және дана қадамдарының қисынды жалғасы деп атады.
Жоспардың саяси блогы жиынға келгендерді ерекше қызықтырды. Сайлау жүйелерінің халықаралық сараптама орталығының төрағасы Александр Цинкер партияаралық диалогты дамыту, салауатты саяси бәсекелестікті қамтамасыз ету, жетілген әрі тиянақты сайлау мәдениетін қалыптастыру үшін қолайлы жағдай туғызатын Қазақстан Президентінің сайлауалды бағдарламасы – елде түбегейлі реформалар жүргізу тұрғысынан қисынды және өте маңызды екенін айтты.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның қазіргі геосаяси жүйедегі рөлін және еліміздің сараланған көпвекторлы сыртқы саясатын талқылады. Елші жиналғандарды Президент Қ.Тоқаевтың Мәскеу мен Парижге жасаған сапарының қорытындылары туралы хабардар етті.
Брифингті қорытындылай келе, израильдік сарапшылар Қазақстанда жалғасын тауып жатқан оң өзгерістердің табысты болуына тілектестік білдірді.