Қазақстан Елшісі Израильдің Холон Институтында презентация өткізді

Қазақстан Елшісі Израильдің Холон Институтында презентация өткізді

Тель-Авив, 2022 жылғы 22 қараша – Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Орталық Азия елдерімен дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Израиль Сыртқы істер министрлігінің жобасы аясында Холон Технологиялық Институтында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген 30 талантты жас мамандар мен жергілікті студенттерге арнап презентация өткізді.

Іс-шараны ашқан Институт Ректоры Эдуард Якубов Қазақстан халқын өткен президенттік сайлаумен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзі қолға алған кең ауқымды мемлекеттік даму бағытын жылжытуда сәттілік тіледі.

Елші «Әділ Қазақстанның» құрылысына бағытталған Президент Қ.Тоқаевтың жан-жақты реформаларына назар аударып, президенттік сайлаудың еліміз үшін маңыздылығын атап өтті.

Дәріс оқу барысында дипломат Орталық Азия елдерінің қазіргі геосаяси жағдайдағы рөліне тоқталды. Әсіресе, өңіріміздің экономикалық әлеуетін, сондай-ақ көлік және логистика саласы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мүмкіндіктері туралы баса айтты.

Қазақстан мен Израильдің өзара іс-қимылы жайлы С.Бұршақов екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды, әрі серпінді даму сипатын тілге тиек етті. Атап айтқанда, АӨСШК, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі сияқты Қазақстандық бастамаларды жүзеге асыруға Израильдің белсенді қатысуы туралы хабарлады.

Іс-шараға жиналғандар үшін еліміздің туристік әлеуеті туралы фотокөрме ұйымдастырылып, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы деректі фильм көрсетілді.