
2022 жылғы 14 қараша – Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израильдің беделді жоғары оқу орындарының бірі – Тель-Авив университетінде «Қазақстан: Дамудың жаңа және прогрессивті кезеңі» тақырыбында дәріс оқыды.
Қызу пікірталас форматында өткен кездесуде профессор-оқытущылар құрамы мен университет студенттері елімізге деген үлкен қызығушылық танытты.
Презентация барысында С.Бұршақов Қазақстанның қазіргі геосаяси ахуалдағы рөлі мен заманауи дамуына баса назар аударды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар туралы университет аудиториясын хабардар еткен Елші, мемлекетіміздің дәйекті демократияландыру және кешенді қоғамдық-саяси қайта құрулар бағытының қайтымсыз сипатын атап өтті.
Биыл Қазақстан мен Израиль арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өткен С.Бұршақов, екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды әрі серпінді даму сипатын тілге тиек етті. Атап айтқанда, АӨСШК, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты Қазақстандық бастамаларды жүзеге асыруға Израильдің белсенді қатысуы туралы хабарлады.
Іс-шараға жиналғандар үшін еліміздің туристік әлеуеті туралы фотокөрме ұйымдастырылып, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы деректі фильм көрсетілді.
Презентацияның қорытындысы бойынша Елші Тель-Авив университетінің Вице-президенті Милет Шамирмен кездесіп, оның барысында ғылыми-білім беру және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл мәселелерді талқылады.
Анықтама ретінде: WTA-ның 2022 жылға жарияланған рейтингінде Тель-Авив университеті (TAU) әлемде 112-ші және Израильде 1-ші орынға ие. Университет 1956 ж. құрылған, оның 9 факультеті, 106 бөлімшесі және 80 ғылыми-зерттеу институты бар. Университет қабырғасында 25 мың студент оқиды.