
2022 жылғы 7 қыркүйек – Тель-Авивте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына, сондай-ақ Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Шараға Израильдің жетекші саясаттанушылары, сарапшылары, қоғам қайраткерлері мен журналистері қатысты.
Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов жолдауда көтерілген саяси және әлеуметтік-экономикалық бастамаларды іске асыру «Жаңа Қазақстанның» құрылысы жолында басты мәнге ие екенін атап өтті. Дипломат сайлау циклінің басталуы саяси жүйемізді түбегейлі қайта жаңғырту қажеттілігінен туындап отырғанын және биылғы маусым айында референдумда азаматтардың көпшілігі қолдаған конституциялық реформаның логикасына толығымен сәйкес келетінін айтты.
Бұған қоса, Елші жиналғандарды конфессияаралық келісім мен төзімділікті сақтаудағы қазақстандық тәжірибемен, оның ішінде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұрақты съездерін ұйымдастыру туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Израильдік сарапшылар өз кезегінде Қазақстан басшылығының саяси жаңғырту, мемлекеттің тиімділігін одан әрі арттыру және инклюзивті қоғам құру жөніндегі жоспарларын жоғары бағалады. Дөңгелек үстелге қатысушылар бұл Жолдау Президент Қ.Тоқаев бастаған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың заңды жалғасы деп атады.
Жолдаудың саяси блогы сарапшылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Сайлау жүйелерінің халықаралық сараптама орталығының төрағасы Александр Цинкер Қазақстан Президенті бастамашы болған сайлау процестері елдегі түбегейлі реформаларды жүзеге асыру тұрғысынан қисынды және өте маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, кезектен тыс президент сайлауын өткізу халықтың билік жүйесіне деген сенімін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік бермек.
Талқылау барысында әлемнің басқа елдеріне үлгі боларлық Қазақстанда толеранттылық пен конфессияаралық келісім қоғамын құрудың табысты үлгісі де сөз болды. Атап айтқанда, Еуро-Азия Еврей Конгресінің бас директоры Хаим Бен-Яаков, өз сөзін биылғы қыркүйекте әлемнің 50-ден астам елінен делегаттар қатысатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезін шақыру туралы қазақстандық бастаманы қазіргі геосаяси жағдайда өте өзекті деп түйіндеді.
Отырысты қорытындылай келе, ҚР Елшісі Қазақстанның ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саяси жаңғыру және экономикалық реформалар жолымен сенімді түрде жүріп жатқанын ерекше атап өтті. Израиль сарапшылары Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістердің сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.