
Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израиль Азаматтық авиация басқармасының бас директоры Джоэль Фельдшухпен және жергілікті әуекомпаниялардың өкілдерімен кездесті.
Дипломат авиация сарапшыларына 2019 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстанның 11 қаласының әуежайында «ашық аспан» режимі енгізілгендігі жөнінде хабарлап, ол Қазақстан мен Израиль арасында тікелей әуе қатынасын орнатуға қолайлы жағдай туғызатынын жеткізді.
Сонымен қатар, Елші Қазақстанның экономикалық, туристік, көлік және транзиттік әлеуеті, инвестициялық климаты, сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен маңызды перспективаларымен таныстырды. Сондай-ақ, 2017 жылдан бері Израиль азаматтарының Қазақстанға кіруі үшін біржақты тәртіппен визасыз режим енгізілуі израильдіктердің біздің елімізге сапарларының артуына ықпал еткендігі атап өтілді. Қазіргі таңда Қазақстан тарапы израильдік сарапшылармен екі ел азаматтарының өзара визасыз сапарлары туралы келісімге қол қою үшін консультациялар жүргізуде.
Тараптар аталған факторлардың екі ел арасында әуе рейсін ашуға қолайлы жағдайлар туғызатындығын растай отырып, бұндай тікелей қатынастың ең алдымен қос мемлекеттің азаматтары және іскер топтарымен ризашылықпен қабылданатындығын, сондай-ақ мәдени және гуманитарлық саладағы алмасу мен бизнес-байланыстарды кеңейтетіндігін тілге тиек етті.