
Тель-Авив, 2022 жылдың 28 маусымы – Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне дайындық аясында Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Иерусалим Патриархы ІІІ Теофил және Израильдің Бас Ашкеназий раввині Давид Лаумен кездесті.
Діни қайраткерлер пандемиядан кейінгі кезеңде осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстан басшылығына алғыс айтып, Съездің табысты өтуіне қомақты үлес қосуға үлкен ықылас білдірді.
С.Бұршақов діни көшбасшыларға Қазақстанның конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету жөніндегі бастамасына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін шынайы ризашылығын білдіріп, сұхбаттасушыларды Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі республикалық референдумның қорытындыларымен таныстырды, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің маңызы туралы айтты.
Иерусалимдегі рухани көшбасшылар кең ауқымды реформаларды жүзеге асыруда Қазақстан халқы мен Президентіне ізгі тілектерін жеткізді.